307

Қазақстанда ауа райы күрт құбылды: 17 өңірге бірдей ескерту жасалды

Ел аумағында дауыл, тұман және тасқын қаупі қатар күшейді.

Қазақстанда ауа райы күрт құбылды: 17 өңірге бірдей ескерту жасалды
Depositphotos.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 30 наурызға арналған болжамында елдің басым бөлігінде тұрақсыз әрі қауіпті ауа райы қалыптасатынын мәлімдеді. Синоптиктер бірден 17 өңірге штормдық ескерту жариялап отыр.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз найзағай ойнайды. Ал түнгі және таңғы уақытта өңірдің бірнеше бөлігінде қою тұман түседі. Орал қаласында да көріну қашықтығы күрт төмендеуі мүмкін.

Түркістан облысының батысында, сондай-ақ Түркістан қаласында өрт қаупі жоғары деңгейге жеткен.

Абай облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында тұман күтіледі. Семейде де түн мен таңертең ауа райы күрт нашарлайды. Бұл өңірде күннің күрт жылынуына байланысты қар қарқынды еріп жатыр. Соның салдарынан өзендердегі мұз сөгіліп, су деңгейі көтерілуі ықтимал. Кей жерлерде мұз кептелісі пайда болып, өзендер арнасынан асып, елді мекендерді су басу қаупі бар.

Жетісу облысында жел күшейеді: кей аудандарда екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Облыстың оңтүстігінде өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар бөлігінде де тұман түсіп, көлік қозғалысына қауіп төндіреді.

Қызылорда облысының шығысында өрт қаупі күшейген.

Павлодар облысында күндізгі температура 15–20 градусқа дейін көтеріледі. Мұның салдары – қардың жаппай еруі. Синоптиктер өзендердегі су деңгейі көтеріліп, жолдарды су басуы, тіпті елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін екенін ескертеді.

Жамбыл облысының таулы аймақтарында тұман түсіп, кей жерлерде шаңды дауыл соғады. Желдің жылдамдығы 20 м/с-қа дейін жетеді.

Алматы облысында да жел күшейіп, кей өңірлерде екпіні 18 м/с-қа дейін барады.

Атырау облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Атырау қаласында да осы құбылыстар қайталанады.

Ақмола мен Қарағанды облыстарының солтүстік және шығыс бөліктерінде тұман күтіледі.

Қарағанды облысындағы Есіл және Талды өзендерінде су деңгейі қауіпті межеге жақындап қалды. Су әлі де көтеріліп жатыр. Егер бұл үрдіс жалғасса, өзен жағасындағы ауылдар мен жолдарды су басу қаупі күшейеді.

Қостанай облысында тұман сақталады, ал өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.

Маңғыстау облысында түнде және күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі, кей жерлерде нөсер болуы мүмкін. Тұман да түседі.

Ұлытау және Ақтөбе облыстарында жел күшейіп, екпіні 15–18 м/с-қа жетеді.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 28–30 наурыз аралығында елдің көп бөлігінде жауын-шашынсыз, жылы көктемгі ауа райы болады деген болжам жасаған еді. Алайда нақты жағдай күрт өзгеріп, бірқатар өңірде табиғат мінез көрсетіп отыр.

Материал авторы