Астанада «VIP нөмір» сатамын деген алаяқ ұсталды
200 мың теңгеге «айыппұл өшіремін» деген алаяқ әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада VIP мемлекеттік нөмір алып беруді және әкімшілік айыппұлдарды «өшіріп тастауды» уәде етіп, ақша алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Полиция мәліметінше, қала тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде елорданың бір ауданында 31 жастағы күдікті қолға түсті.
Алдын ала деректерге сәйкес, ол өзін «мәселені шешіп бере алатын адам» ретінде таныстырып, VIP мемлекеттік тіркеу нөмірін алып беруге және айыппұлдарды «жоюға» көмектесемін деп сендірген. Осы сылтаумен жәбірленушіден шамамен 200 мың теңге алған.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушімен ортақ таныс арқылы байланыс орнатқан. Ақшаны қолына түсіргеннен кейін байланысын үзіп, ізін суытқан.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарға мемлекеттік нөмірлерді рәсімдеу мен айыппұлдарға қатысты барлық қызмет тек ресми мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асатынын ескертеді. Полиция күмәнді делдалдарға сенбеуге және олардың өкілеттігіне көз жеткізбей ақша бермеуге шақырды.
Материал авторы