317

13 жастағы қызды зорлаған студент 10 жылға сотталды

Павлодарда резонансты іс бойынша сот өтті.

13 жастағы қызды зорлаған студент 10 жылға сотталды
Pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық ісі бойынша үкім шықты. Сот айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Іс жабық режимде қаралғандықтан, егжей-тегжейлі мәліметтер жария етілмеді.

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға 2024 жылы болған. Ол кезде күдіктінің өзі де кәмелетке толмаған. Белгілі болғандай, ол қызбен оның үйінде танысып, кейін әлеуметтік желі арқылы байланысын жалғастырған. Біраз уақыттан соң күдікті қыздың үйіне келіп, қылмыс жасаған. Жәбірленуші қарсылық көрсеткенімен, өзін қорғай алмаған.

Арада бірнеше күн өткен соң жағдай қайталанған. Бұл жолы күдікті жалғыз болмаған, қасына таныстарын ертіп келгені айтылады.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған екі жыл мерзімге педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен байланысты кез келген жұмыспен айналысуға тыйым салынды.

Үкім жарияланған сәтте сотталушы бірден қамауға алынды. Бұған дейін осы іске қатысы бар тағы бір адам да 10 жылға сотталғаны белгілі болды.

Қорғау тарапы сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, үкімге шағым түсірмек ниетте.

Материал авторы