SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желіде даулы мәлімдеме жасаған өзін «ұстаз» деп таныстыратын блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының мәліметінше, Нұржан Смағұлов адамдарды қорлайтын сипаттағы сөздер айтқаны үшін жазаланған.
Белгілі болғандай, блогер Instagram парақшасында жариялаған видеосында адамдарды сиырмен салыстырған. Бұл мәлімдеме қоғамда наразылық туғызып, құзырлы органның назарын аударды.
Тексеру нәтижесінде басқарма қызметкерлері оның әрекетін қорлайтын сипаттағы пікір ретінде бағалап, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша хаттама толтырған.
Сот шешімімен Нұржан Смағұлов кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл — 108 125 теңге.
Дін істері жөніндегі басқарма азаматтарды заң талаптарын сақтауға және өзге адамдардың көзқарасына құрметпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте интернеттегі деструктивті діни насихат үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілген болатын. Депутат Ермұрат Бапи Бас прокуратураға жолдаған сауалында даулы подкастқа қатысты пікір білдірген еді.
RUS