SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан аумағында 16 сәуірге арналған дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» мәліметінше, елдің 17 өңірінде ауа райы күрт құбылып, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі.
Жетісу облысында түнде жаңбыр мен найзағай болжанса, таулы аймақтарда қар аралас жауын жауады. Күндіз бұршақ пен шквал жел соғуы ықтимал. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Облыстың бірқатар бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Маңғыстау облысында да ауа райы тұрақсыз. Түнде кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің жылдамдығы 25 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақмола облысында жаңбыр қарға ұласып, көктайғақ пен тұман күтіледі. Шығыс Қазақстанда да ұқсас жағдай: жауын-шашын күшейіп, кей тұста көктайғақ пен тұман түседі.
Абай облысында жаңбыр мен қар аралас жауын, тұман және көктайғақ болжанып отыр. Өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Ақтөбе облысының шығысында түнде қатты жауын-шашын, найзағай, бұршақ және дауылды жел болуы ықтимал.
Павлодар мен Қостанай облыстарында да жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, көктайғақ пен тұман күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінде су деңгейі көтерілуін жалғастырып жатыр. Петропавл қаласы маңында бір тәулікте су 26 сантиметрге өсіп, 902 сантиметрге жеткен. Қауіпті шек — 940 сантиметр. Егер осы деңгейге жетсе, Борки елді мекенінің маңын су басу қаупі бар. Мамандар мұны еріген қар суының келуімен және өзеннің орта ағысынан қосымша су ағуымен байланыстырады. Сонымен қатар Сергеев су қоймасындағы су деңгейі де өсе түсуі мүмкін.
Атырау облысында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін барады.
Алматы облысында жауын-шашынмен қатар шаңды дауыл болжанып отыр. Таулы өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын күшейеді.
Қарағанды, Ұлытау және Түркістан облыстарында да қолайсыз ауа райы сақталады: жаңбыр, қар, бұршақ, найзағай және екпінді жел күтіледі.
Қызылорда облысында шаңды дауыл, найзағай және қатты жел болжанса, Жамбыл облысында нөсер жаңбыр мен бұршақ жаууы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысында да түнде жаңбыр мен найзағай болады.
RUS