SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы тұрғыны супермаркеттен сатып алған еттің сапасына күмән келтіріп, әлеуметтік желіде дау тудырды. Кесілген еттің ішінен табылған күмәнді қызыл дақтар жұртты шошытты.
Threads желісінде жарияланған жазбада қала тұрғыны Magnum дүкендерінің бірінен, Гагарин даңғылы бойынан алынған етті көрсеткен. Оның айтуынша, етті турау кезінде ішінен белгісіз қызыл дақтар мен қою сұйық іздері байқалған. Осыдан кейін ол өнімді пайдаланудан бас тартып, қоқысқа тастаған.
Желі қолданушылары пікірталасқа белсенді араласты. Бірі бұл жағдайды малды дұрыс соймаумен байланыстырса, енді бірі жануардың қатты күйзеліс алғанын, соның салдарынан қан толық ағызылмағанын алға тартты. Тіпті кейбірі «өліп қалған малдың еті сатылған болуы мүмкін» деген күдік те білдірді.
Ал басқа пікірлерде мұндай өзгерістер еттің табиғи қасиеттерімен түсіндірілді. Кей қолданушылар өнімнің иісі болмаса, оны тұтынуға болатынын айтса, енді бірі күмәнді етті мүлде пайдаланбауға кеңес берді.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі дүкендегі сақтау және сату шарттарына назар аударды. Олардың айтуынша, арнайы жарық шамдары етті жаңа әрі қызыл етіп көрсеткенімен, қалыпты жарықта оның түсі мүлде басқаша көрінеді.
Өзін қасапшы ретінде таныстырған желі қолданушысы дақтардың пайда болуын жануардың сою кезіндегі күйзелісімен байланыстырды. Оның сөзінше, мұндай жағдайда қан толық ағызылмай, ет ішінде ұйып қалуы мүмкін. Әдетте мұндай өнімнің сыртқы түрі талапқа сай келмегендіктен, арзандатылған бағамен сатылады.
Тағы бір тұтынушы да осы желіде Magnum дүкенінен алынған еттің жағымсыз иіс шыққанын айтып, ұқсас жағдайға тап болғанын жеткізді.
Супермаркет желісі жағдайға қатысты түсініктеме беріп, өнім сапасына ерекше мән беретінін мәлімдеді. Кейін компания өкілдері сатып алушымен жеке байланысқа шығып, чек пен байланыс нөмірін сұраған.
Ресми жауапта дүкенге жеткізілетін ет міндетті тексеруден өтетіні, өнімнің жаңа әрі бөгде иіссіз болатыны айтылған. Ал бетінде пайда болатын сұйықтықтар еттің табиғи қасиеті болуы мүмкін және денсаулыққа қауіп төндірмейді деп түсіндірілген.
Алайда жазба авторы бұл әрекетке күмәнмен қарап, компания өз ұстанымын өзгерпегенін жеткізді.
Осы жағдайдан кейін редакция ауыл шаруашылығы министрлігіне сауда желілеріне түсетін ет өнімдерінің сапасын бақылау және сертификаттау талаптарына қатысты ресми сауал жолдады.
RUS