«Жеткізбес» жеткіліктілік шегі: қазақстандықтар зейнетақы табалдырығын көтеруге қарсы шығуда

27.04.2026, 09:47
574
«Жеткізбес» жеткіліктілік шегі: қазақстандықтар зейнетақы табалдырығын көтеруге қарсы шығуда ЖИ иллюстрациясы

Үкімет президенттік бастама мен бұқараның арасында іс жүзінде «бөген» қойғалы тұр ма?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықтың өз ақшасын өзіне қайтару туралы тарихи саяси мұрасы шенеуніктердің «түзетулерінен» кейін қол жетпес арманға айналып кеткелі тұр. Еңбек министрлігі ұсынған жаңа ережелер күшіне енсе, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бақыты тек «миллионерлер клубының» мүшелеріне ғана бұйырмақ.

Реформа ревизиясы: игілік кімге, қиындық кімге?

Мемлекет басшысы 2021 жылы Қазақстан халқына БЖЗҚ-да инфляцияға босқа жем болып жатқан жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға рұқсат берді, тиісті бағдарламасы қабылданды.

Қазақстан халқына жасалған президенттік тарту — БЖЗҚ-дағы «өлі» активтерді «тірілту» талабы болатын. Бұл бастама халық арасында зор қызығушылық оятып, нақты әлеуметтік нәтиже де көрсетті.

Содан бері, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дан жалпы саны 3 293 834 қазақстандықтың шотына жеткіліктілік шегінен асқан 4 триллион 696 миллиард 839 миллион теңге зейнетақы жинағы аударылыпты. Соның ішінде 501 384 адам түрлі себеппен берілген мүмкіндікті қалт жіберіп, 732 млрд 334 млн теңгесі қорға кері оралды.

Қорытындысында, 2021 жылдан бері 2 792 450 отандасымыз баспана алуға азды-көпті ақша иеленіп, шаңырағын биіктетті, керегесін керді, қабырғасын қатайтты, үбірлі-шүбірлі болды.

Сондай-ақ 2021 жылдан бері БЖЗҚ 1 090 198 адамға артық зейнетақы жинағын емделуге бағыттауы үшін 985 млрд 260 млн теңге аударған екен. Бірақ соның ішінен 186 656 адам 126 млн 936 млн теңгесін денсаулығын түзеуге жарата алмапты.

Алайда бүгінде «байтал түгіл бас қайғы» заман орнағандай: шенеуніктер елдің осы жинағына да ауыз салмақ. Үкіметтің жаңа жоспары бұл игіліктің есігін тарс жауып, «жеткіліктілік шегі» деген ұғымды қарапайым жұмысшы көтерілмес биікке шығармақшы.

Сақтандыру аннуитеті: шенеуніктердің «адекватты» қиялы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа қаулы жобасының атауының өзі — нағыз бюрократиялық шедевр: «БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды БЖЗҚ-ға қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 521 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасы деп аталады.

Осы ұзын-сонар құжаттың астарында бір ғана ащы шындық жатыр: енді зейнетақы жинақтарын кедей-кепшік пен орта тапқа бермейміз!

Ведомствоның түсіндіруінше, құжат «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын (адекваттылығын) арттыру тетігін жетілдіру» мақсатында әзірленді.

«Жоба кейінге қалдырылған өмірлік зейнетақы аннуитетінің құны негізінде азаматтардың зейнетақы кірістерін неғұрлым орнықты және теңгерімді қалыптастыруды қамтамасыз етуге бағытталған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегінің параметрлерін қайта қарауды көздейді», деп түсініктеме берді министрлік.


Сурет: @KZgovernment

Қарапайым тілге тәржімалағанда, Үкімет қаулысына Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойса, онда бұдан былай БЖЗҚ-да тек сақтандыру компаниясынан аннуитет сатып алуға жетерлік көлемде зейнетақы жинағын жинай алған адамдар ғана содан артылған жинағын баспана сатып алуға, ипотекаға, емделуге пайдалана алады.

Сақтандыру компаниясының агенті Нұрлан Мұратбектің түсіндіруінше, мұндай жағдайда жеткіліктілік шегі екі есеге жуық өспек. Мысалы, 2026 жылы 50 жастағы кісі үшін ЕТЖШ 8 570 000 теңгені құрады. Ал, аннуитет келісімшартын бекітуі үшін 50 жастағы азамат кем дегенде 1215 миллион теңге жинауға тиіс екен. Бұл — орташа жалақысынан 10% жарна аударатын қазақстандық үшін орындалмас миссия.

Шенеуніктер үшін халық үні бос күңкіл ме?

Еңбек министрлігі жазған бұл Үкімет қаулысы қоғамда резонанс пен жаппай наразылық тудыруда. «Ашық НҚА» порталындағы қоғамдық талқылау кезінде құжатты қолдаған бір адам табылмады. Соған қарамастан, Ертаевтың министрлігі кесірлі қаулысын кері қайтарып алатын түр байқатпайды.

Кәсіпкер Мадина Будникова 2026 жылғы қаңтарда ең төменгі жеткіліктілік шегі (ЕТЖШ) онсыз да шамамен 10%-ға өскенін еске салды. Салдарынан, 40 жас үшін ол 2025 жылы 6 100 000 теңгені құраса, 2026 жылдың басында 6 720 000 теңгеге дейін көтерілді.

«Осылай Ұлттық банк индексацияны іс жүзінде жүргізіп қойды. Мұны азсынса керек, еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың жақында жасаған мәлімдемелеріне сәйкес, ағымдағы жылдың мамыр айында мерзімінен бұрын алу шегін кезекті рет — шамамен тағы 10%-ға көтеру жоспарлануда. Алайда БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтарына 2025 жылғы қосқан инвестициялық табысы өте төмен болып шықты және жинақтардың ЕТЖШ өсімімен салыстырмалы түрде өсуін қамтамасыз ете алмады», деді ол.

Кәсіпкер сайлау қарсаңында Президент осы бастамасын енгізгенде, осы арқылы азаматтардың әлеуметтік маңызды міндеттерін шешуді, атап айтқанда тұрғын үй жағдайын жақсартуды, денсаулығын нығайтуды, отбасыларды қолдауды және халықтың қаржылық тұрақтылығын арттыруды тапсырғанын еске салды.


Сурет: @aqorda_resmi

«Үкіметтің мына шаралары Тоқаевтың бастамасына қайшы. Зейнетақы активтерінің нақты кірістілігіне сүйенбестен ЕТЖШ-ны кезекті рет күрт көтеру іс жүзінде азаматтардың зейнетақы жинақтарын игілігіне жаратумүмкіндіктерін шектейді және жүйеге деген сенімге селкеу түсіреді.Сондықтан мен бұл өзгерістерге қарсымын», деді М.Будникова.

Жарлының ақшасы — жар астында

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың осындай пікірлерімен келіспейді. Оның ұстанымынша, Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді, тиісінше, бұрынғы тәсілдер ескіріпті-мыс. Алайда бұл жерде елдің БЖЗҚ-да қарқынды өспей, текке инфляцияға жем болып жатқан 25 трлн 987 млрд 471 млн теңге жинағына Ұлттық банктің лайықты инвест-табыс әкеле алмағанын еске де алмады.

«Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану құқықтарын шектеуге бағытталмаған, керісінше болашақта зейнетақы төлемдерінің барабар-адекватты деңгейін қамтамасыз етуді ескере отырып, ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтау механизмін жетілдіруді қарастырады. ЕТЖШ механизмі бастапқыда зейнетке шыққаннан кейін өмір бойына жететін табысты қалыптастыру үшін қажетті зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сақтауды қарастырды. Оның параметрлерін қайта қарау енді елде өмір сүру ұзақтығының артуын, зейнетақы активтерінің табыстылық деңгейін және өзге де макроэкономикалық факторларды ескере отырып, актуарлық есептеулер негізінде жүзеге асырылады», деді еңбекмині.

Сонымен қатар, ведомство «белгіленетін жаңа шектен асатын жинақтары болған жағдайда, қолданыстағы заңнама аясында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге төлеуге пайдалану мүмкіндігі сақталатынына» сендіріп бақты. Ол мүмкіндік тек бірнеше миллион теңге табыс табатындар үшін ғана сақталуы ықтимал. Бұқараны шошынтқаны да осы.

Қоғам белсендісі Аскар Ханенко халыққа жылына он пайызға жетер-жетпес қана пайда әкелер БЖЗҚ-дан бүкіл жинағын алып қойып, банктегі 20% табыс берер депозитке салуға рұқсат етуді ұсынды.

«Шекті көтергенше, оны тек тұрғын үйге қалдырыңыздар. Қазір бұл маған ипотекада жақсы көмектесіп жатыр. Ал кәрілікте, егер ол уақытқа дейін пәтерлер қымбаттап кетсе, бұл жинақтардан не пайда?Қазіргі жинақтарыма мен ол кезде баспана сатып ала алмаймын. Одан да Қытайдағыдай жасаңыздар. БЖЗҚ-ның орнына әркімнің зейнетақылық депозиті болуы керек, одан мерзімінен бұрын ақша алуға рұқсат етілмейді, тек зейнетке шыққан сәттен бастап қол жеткізуге болады», деді маман.

Еңбек министрлігі бұл идеяға да үзілді-кесілді қарсы.

«Зейнетақы жинақтары депозиттік шотта сақтала алмайды, бұл зейнетақы жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес келмейді. Зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты бар — ол кәрілікте зейнетақының барабар мөлшерімен қамтамасыз ету!», деп түсініктеме берді ведомство.

Алматы тұрғыны Әсел Өскенбаева артық зейнетақының «табалдырығы» көтеріле-көтеріле шатырға айналып кеткеніне наразы.

«Неге Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жинағының артық бөлігін алу шегін үнемі көтере береді? Қолданыстағы шектер бойынша артық сома пайда болуы үшін мен айына 1 миллион теңгеден жоғары жалақытабуым керек. Көп миллион табатындар зейнетақы жинағын алуға тіпті де мұқтаж емес. Жуырда бір блогер БЖЗҚ-дағы шотында 70 миллионы жатқанын айтып, мақтанды. «Оған қай қаладан үй алсам екен?» деп, жазылушыларына сұрау салды. Осындай мазақты көріп халықтың іші қыж-қыж қайнайды, ашу-ызасы қозады ғой», дейді алматылық.

Оның пікірінше, табысы төмендер үшін жеке жеткіліктілік шегін белгілеп, оларға да қазірден пайдалануға мүмкіндік берген жөн. Әйтпесе, олар зейнеткерлік жасқа жете алмауы ықтимал.

Зейнетақы жинағы болашақтың кепілі дейміз. Бірақ сол болашаққа жете алмайтын, бүгінгі тауқыметтен көз ашпаған халық үшін «жеткіліктілік шегі» жай ғана цифр емес, мемлекеттің өз азаматына деген көзқарасының айнасы іспетті. Игілік — ортақ делінді, бірақ оны ерте пайдалану құқығы тек «таңдаулылардың» еншісінде қалмақ.

Трамп Си Цзиньпинді «Голливуд фильмдеріне лайық образ» деп атады Шетел азаматтығын жасырған отбасы Қазақстаннан қуылды «Человек в маске» ауыр дертке шалдыққан жігіттің өмірін бір күнде өзгертті (ВИДЕО) Теңге тағы қысымда: 15 мамырдағы валюта бағамы жарияланды Шаңды дауыл, найзағай, аптап ыстық: 15 мамырда елді қолайсыз ауа райы күтіп тұр «Әкімдікке кіріп көрмегенмін»: Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваға жауап берді «35 жастан кейін басталды»: тойда билеген әйелдің видеосы вирусқа айналды Алматыда үйленген ер адамды аңдыған әйелге қылмыстық іс қозғалды «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезіндім»: Алматыға келген ресейлік қыз дауға қалды Ердоған Қазақстанға үндеу жасады: Түркі бірлігі жаңа кезеңге өтті UMC Назарбаевтың жүрек операциясы туралы ақпаратты жоққа шығармады Ресейде аулада намаз оқыған өзбекстандық елден қуылды Оралда полицей қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынды Әкімнің орынбасары даулы видеодан кейін қызметінен кетті (ВИДЕО) Ақтауда полиция көлігі 1,5 жасар баланы қағып өлтірді Bloomberg: Қазақстан маусымда мұнай тасымалын азайтады Павлодарда ер адам сүйіктісін көлікпен қабырғаға қысып, аяғынан айырды Алматы облысында 11-сынып оқушылары баланы қағып кетіп, шындықты жасыруға тырысқан Freedom Travel төңірегіндегі жанжал: отадан шыққан егде жастағы жолаушылар күні бойы әуежайда отырған Украина тұтқынындағы қазақстандық Ресей билігіне үндеу жасады