Тәбеті жоғары, жауапкершілігі төмен «элита»
Қазақстандық рестораторлар дабыл қағуда. Кейінгі кездері еліміздетапсырыс берген тамағын түк қалдырмай ішіп-жеп, ас ішіп, аяқ босатқан соң, ақысын төлемей табанын жалтырататын клиенттер көбейген.
Есеп айырысуды «ұмытып» кететін есі «кіресілі-шығасылы», ұяты оянбаған тұтынушылардың қатары күрт көбейгеніне қатысты әлеуметтік желілерде арыз-шағым қаптады. Бұл құбылыс жай ғана ұсақ бұзақылық емес, кәсіпкерлер мен қатардағы қызметкерлердің қалтасына ауыртиетін жүйелі дертке айналып барады.
Тәртіп сақшыларының қылар қайраны жоқ: Қазақстанда қонақжайлылыққа тыйым салынбаған, сондықтан ішкен асы үшін ақытөлесін, төлемесе түрмеге қамалсын деген заң бабы қарастырылмапты.
Егер ұрлап кетсе, бұл — қылмыс! Ал, егер ол тамақты ұйым қызметкерінің өзі әкеліп, тамақтандырса, бұл ұрлық емес екен. Ақысын төлемесе, бұл енді азаматтық сипаттағы дау-дамай саналатын көрінеді.
Содан кәсіпкерлердің бір бөлігі бұл үшін жауапкершілік пен жазаны қатайтуды сұрап, депутаттарға, Сауда министрлігіне және кәсіпкерлер палатасына жүгінуге ниетті. Себебі, қолданыстағы заңнама мұндай «мәдениетті ұрылардың» алдында дәрменсіз болып тұрғандай.
Бір ғажабы, «тегін ішіп-жемге» құмар жандар — бір үзім нанға зар болған бейбақтар емес, керісінше, сырт келбеті сықиған, жап-жақсы киім киген, қымбат сусындардың дәмін ажырататын «тағам сыншылары».
Рестораторлардың айтуынша, удай қымбат тағам мен арақ-шарапқа тапсырыс бергенде, олардың сыртқы байсалды кейпі мен сенімді дауысықызметкерлерде ешқандай күдік тудырмайды екен. Алайда, ең соңғы десерт желініп, асқазан ләззатқа бөленген сәтте, бұл «мырзалардың» аяқ астынан «есте сақтау қабілеті» сыр беріп, шығар есікті ғана танып,ізім-ғайым болады.
Көктемгі «қырандар»: күлкісі қымбат, жүрісі талтаң, төлемі нөл
Дәмхана иелерінің мұң-зарын тыңдасаңыз, нағыз комедия мен трагедияның қосындысын көресіз:
«Көктем есалаң жандардың есіретін шағы. Барда үш жігіт түні бойы отырып, айналасын басына көтере қарқылдап күліп, елу мыңға сыра ішті де, тайып тұрды. Даяшы қыздың жылағанын көріп, бейтаныс үшеудің шотын өзге келушілер жауып берді»;
«Қымбат ішімдіктерге тапсырыс беріп, кешкі 20:00-де зытып отырды. Мейрамхананы 100 мың теңге шығынға отырғызды. Полицияға хабарлассақ, қызметкерінің жүйкесі шыдамай, әлгінің артынан балағат жаудырды. «Рецидивист» екен: осымен үшінші мейрамхананы алдап кетіпті. Бірақ заң бойынша оны жындыханаға жатқызуға немесе қамауға негіз табылмаған. Оқиғаның өрбу барысын бақылаймыз. Әзірге «халявщиктің» ішіп-жегенін мейрамхана ұжымына өтеуге тура келді»;
«Мына суреттегі әйел шотын төлеуден бас тартты. Тіпті жұмыспен өтегісі де келмейді. Полиция шақыртылған. Оны күткенше қашып кетті. Шығыны даяшылардың есебінен өтелді»;
«Арсыз адам есепшотын төлеуден жалтарды. Өте қатты тамақ ішкісі келсе керек, бірақ шотын төлемеуді де өте қатты қалапты. Фото, видеоға түсіріп алғанымыз да әсер етпеді, ар дегенді ұмытқан. Шотын ұжым «жапты». Мұның кім екенін біліп, хабарлағандарға сыйақымыз бар»;
«Номад ТК-інде. Екі еркек түстен кешке дейін отырды. Сыраны суша сімірді. Шылым шегуге далаға қайта-қайта жүгірді, соның бірінде,19.15-те оралмады. Олар бізде бұрын да қонақ болған, күдік тудырмаған. 30 880 теңге шығын келтірді. Бұлардың аты-жөнін және басқа дерегін біліп беруге байқау жариялаймыз!»;
«Мынау әпенді қарапайым, бірақ талапшыл жан болып шықты. 4 мың теңгеге ғана түстенді. Бірақ шотын төлеуге бас қатырмады да: ақша төлеуді өзіне ар санаса керек, чекті персоналдың бетіне лақтырып, нық қадаммен шығып кетті. Бүкіл әлем оған қарыз сияқты. Барлық танысына, әріптестеріне, туған-туысқанына қайрыламыз: танысаңыздар, сәлемімізді жеткізіңіздер!» және сол сияқты болып кете береді.

threads.com
Мысалы, Threads-те үлкен сомаға алдап соққан клиентіне шағымданған дәмхананың бірінің шығынын әлемжелі пайдаланушылары өтеп беріпті.
Қазіргі таңда бұл мәселемен күресудің бір тиімді жолы — «ұятқа қалдыру» (shaming) әдісі болып тұр. Мысалы, бір жағдайда адамфотодан өзін танып, постты жою үшін ақысын өзі төлеген екен. Бұл тұрғыда әлеуметтік желі заңның тар шеңберімен шектелген тәртіп сақшыларынан тегеурінді болып шықты.
Дегенмен, бұл жүйелі шешім емес. Неліктен мейрамхана қызметкерлері(көбіне студенттер мен табысы аз жастар) біреудің тойымсыздығы үшін өз қалтасынан шығындалуға тиіс?
Блогерлік «бартер» немесе «жұлдыз» арағының ащы дәмі
Бұл эпидемияның ең сорақы формасы — қалтасы қалың блогерлік ортада белең алған «тегін тамақтану» синдромы. Жақында Алматыдағы танымал мекемелердің бірінде болған оқиға қоғамның жағасын ұстатты. Өздерін «әлеуметтік желінің жұлдызы» санаған бір топ жас мейрамханада 100 мың теңгелік шотын төлемей тайып тұрған.
Бірқатар қоғамдық тамақтандыру орны өзін жарнамалауы үшін блогерлерді тегін тамақтандыратыны мәлім. «Бәрі де солай жасауға міндетті» деп санайтын болса керек. Дәніккеннен құныққан жаман деген.
Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, блогерлер тобы мейрамханада бірнеше сағат болып, түрлі тағам мен сусындарға тапсырыс беріп дәм татқан. Сол жерде отырып, мейрамхананы фон ретінде пайдаланып, әлеуметтік желілерге арналған түсірілім жүргізген, өздерінің әлденесін жарнамалаған және осы мақсатта мекеме қызметкерлерін пайдаланған.
Кеш аяқталғаннан кейін қонақтар тыныстау қажетін сылтауратып, шығып кеткен және кері қайтпаған. Мейрамхана «мұндай жағдайлар бизнеске тікелей қаржылық шығын келтіретінін және даяшыларға қосымша салмақ түсіретінін» атап өтті. Ғаламтор пайдаланушылар олардың ашық жарияланған шотынан бір шөлмегі 56 мың тұратын «Немирофф» арағынеш қымсынбастан сіміріп салғанын білді. Олардың шығынынмейрамхана қызметкерлеріне төлеуге тура келді. Мұндай блогерлік —кәсіпке көмек емес, кәсіпкердің қанын сору.
Заңның «көңілжықпастығы»: қылмыс па, әлде қызмет пе?
Бұл «індет» ірі мейрамханалардан бастап, шағын дәмханаларға дейін жайлаған көрінеді. Тек асханалар мен фудкорттар ғана аман: оларда негізінен тамақтар төлем жасалғаннан кейін табысталады.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, дәмханада немесе мейрамханада тамақ жеп, ақша төлемей тайып тұру — ұрлық та, тонау да емес, бар болғаны «азаматтық-құқықтық міндеттемені орындамау». Егер адам төлем жасамаса, мекеме иесі жағдайды тіркеу үшін полицияға жүгіне алады, кейін шығынды өзі сот арқылы өндіруге тиіс.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қонақтың көрсетілген тамақтану қызметтері үшін төлем жасаудан бас тартуы азаматтық-құқықтық міндеттемені орындамау ретінде қарастырылады. Мекеме иесі мән-жайларды тіркеу және келтірілген шығынды азаматтық іс жүргізу тәртібімен одан әрі өндіріп алу үшін уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы», — деп хабарлады ведомство.
Алайда, 10-20 мың теңге үшін айлап соттасу, адвокат жалдау және мемлекеттік баж төлеу — кәсіпкер үшін қосымша шығын. Мұндай жағдайлар орын алмас үшін ІІМ дәмханалар мен мейрамхана иелеріне және әкімшілеріне мынадай кеңестер береді:
- келушілердің төлем жасамай кету әрекеттерін тіркеуге және уақтылы ден қоюға мүмкіндік беруі үшін қызмет көрсету залдары мен шығу есіктерінде бейнебақылауды ұйымдастыру;- персоналдың клиенттерге еріп жүруін қамтамасыз ету, шоттыжабуын және уақтылы есеп айырысуын бақылау;- көрсетілген қызмет ақысын төлеуден бас тартқаны және есеп айырыспай кетуге әрекеттенгені үшін жауапкершілік бары туралы ақпараттық ескерту, жарқағаз орналастыру.
Адвокаттың байламы: Тіпті жазбаша бекітілмесе де — шарт күшінде
Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, қоғамдық тамақтандыру орнының табалдырығын аттап, мәзірден тағам таңдаған сәттен бастап қонақ пен мекеме арасында «жария оферта» негізінде автоматты түрде ауызша келісімшарт жасалады. Мұндағы мейрамхана міндеті: сапалы ас әзірлеп, күтіп алу. Клиент міндеті: ас ақысын өтеу.
«Азаматтық кодекске сәйкес, дәмханалар мен мейрамханалардың жұмысы жария офертаға жатады. Яғни, мекеме келген кез келген клиентке қызмет көрсеткен кезде, олардың арасында, тіпті ол жазбаша түрде ресімделмесе де, қызмет көрсету туралы шарт автоматты түрде жасалады. Бұл шарт келуші тапсырыс берген сәттен бастап қолданыста деп есептеледі. Осы сәттен бастап мекеме де, клиент те өздеріне міндеттемелер алады», — деді ол.
Төлем жасамау фактісін әртүрлі тәсілдермен тіркеуге болады, олар кейін сотта дәлелдеме болады:
«Заңда шотты төлемегені үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан мұндай жағдайлар тек ақыны өндіртуге азаматтық-құқықтық тәртіпте қаралады», — деді заңгер.
Бірақ заңгер бір маңызды ескерту жасайды: клиент ақша төлемесе де, мейрамхана-дәмхана әкімшілігі оны күшпен ұстауға, байлап-матауға,телефонын тартып алуға немесе жеке құжатын «кепілге» қоюға құқылы емес. Психологиялық қысым көрсету де — заңсыз.
Сондықтан қоғамдық тамақтандыру орындары ол адамды тапса, дербесдеректерін анықтай алса ғана сотқа бере алады. Ең қиыны да сол —тұлғасын анықтау ғой. Тәжірибелі «халявщиктер» сыртқа шыға сала көшедегі камераларға түспеу үшін қараңғы бұрыштарды, аула ішін жағалап қашады. Оны табу — инені шөп арасынан іздегенмен бірдей.
Осы ащы шындықты ескерген рестораторлар қауымдастығы бұрынғы «ескі, бірақ сенімді» әдіске қайта оралуды қарастыруда:
Қоғамдық тамақтандыру бизнесі — қонақжайлылыққа негізделген. Алайда өзгенің есебінен тегін ас ішуді қылмыс санамайтындар кесірінен, ертең елдің сүйікті дәмханалары «темір торлы» есігі, қаһарлы күзетшісібар орынға айналуы ғажап емес. Әр адамның ішкі «ар-ұят кодексі» іске қосылмайынша, бұл эпидемияны бейнекамерамен тоқтату қиын. Сондықтан, мейрамханаға барғанда тек тәбетіңізді ғана емес, ар-ұятыңызды да бірге алып жүру — мәдениеттіліктің басты өлшемі болмақ.
RUS