748

Ақжан қалай Астананың жаңа символына айналды? Сирек кездесетін тұлпардың астарындағы мән

Ақжанның бойындағы дала тарихы мен қазіргі қала мәдениеті бір-бірімен үйлесім тапты.

Ақжан қалай Астананың жаңа символына айналды? Сирек кездесетін тұлпардың астарындағы мән
instagram.com/tokayev_online

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқорасындағы Ақжан есімді қылаңбоз байтал бүгінде көпшіліктің назарын аударып, елорда бейнесімен астасқан ерекше нышанға айналып келеді. Сирек кездесетін түгімен ерекшеленетін бұл тұлпар әлеуметтік желі қолданушыларының сүйіспеншілігіне бөленіп, Астананың жаңа символы ретінде қабылданып жүрген бейнелердің біріне айналды.

Қазақ тарихында тұлпарлар әрдайым ерекше орын алған. Ұлы далада аты аңызға айналған жүйріктер аз болмаған. Елордадан Көкшетауға қарай шығаберістегі Құлагер ескерткіші де жылқы мәдениетінің қазақ санасындағы айрықша орнын көрсетеді. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде Ақжанның да ерекше танылуы заңды құбылыс деуге болады.

2025 жылдың 30 наурызында дүниеге келген Ақжан – Ақалтеке тұқымындағы сирек кездесетін қылаңбоз түсті жылқы. Мұндай түсті жылқылар аталмыш тұқым арасында өте аз кездеседі. Оның сыртқы келбеті ертегілердегі қиял-ғажайып тұлпарларды еске түсіріп, табиғаттың ерекше туындысындай әсер қалдырады.

Сурет: Ақорда

Қазақ ұғымында ақ түсті, ерекше жылқы әрдайым жақсы нышанмен байланыстырылған. Қылаңбоз түсті тұлпарларды халық ақжолтай хабардың белгісі, қасиетті жануар ретінде қабылдаған.

Ақжанның ерекшелігі тек сыртқы сұлулығында емес. Оның бейнесі қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен де үндесіп отыр. Сирек кездесетін тұлпар арқылы тазалық, үйлесім, жауапкершілік секілді ұғымдар жаңаша сипат алып, заманауи қоғамның идеясымен байланысып жатыр.

Урбанист Әдия Қарсыбектің айтуынша, қала тұрғындарын тек күнделікті тіршілік емес, ортақ тарих пен мәдени байланыс та біріктіреді.

«Астана халқын ортақ эмоциялық байланыстар, тарих пен дәстүр біріктіре алуы керек. Мұндай символдар қаламен бірге өмір сүріп жатқан адамдардың оған деген ықыласын күшейтеді», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, әлемдегі ірі қалалардың көпшілігінде халық өзі қабылдаған бейресми символдар бар. Мұндай нышандарды қолдан жасап енгізу емес, уақыт өте қоғамның өзі мойындауы маңызды.

Ақжанның феномені де осында. Ол көпшілікке таныс бейне болғанымен, сонымен қатар ерекше құбылыс ретінде қабылданады. Қылаңбоз тұлпар Ұлы дала тарихын, ұлттық болмысты және қазіргі Қазақстанның даму идеясын бір арнаға тоғыстыратын символға айналып отыр.

Сурет: instagram.com/tokayev_online

Ақжанның бейнесі Астананың сәулетімен де үйлеседі. Қаланың заманауи келбеті мен қазақтың дәстүрлі дүниетанымы бір нүктеде тоғысқандай әсер береді. Мұнда тек әдемілік емес, қоршаған ортаға ұқыптылық, тазалық және мәдени жауапкершілік идеясы жатыр.

«Адам өзі өмір сүріп жатқан кеңістіктің құндылығын сезінуі керек. Қаланы сүйікті ететін тек ғимараттар емес, ортақ естеліктер, әсерлер мен символдар», – дейді Әдия Қарсыбек.

Қазақ халқы үшін жылқы еркіндіктің белгісі болғанымен, бұл еркіндік тәртіпсіздікпен ешқашан теңестірілмеген. Атбегілер жылқының мінезін түсініп, оның бабын табу арқылы еркіндік пен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтаған.

Сондықтан жылқы қазақ танымында жай көлік емес, адам мен табиғат арасындағы үйлесімнің көрінісі саналған. Қазіргі қоғамда да осы қағида маңызды: мемлекет пен азамат, қала мен тұрғын өзара сенім мен жауапкершілік арқылы байланыс орнатқанда ғана шынайы үйлесім қалыптасады.

Ақжанға деген қызығушылықтың артында тек ерекше жылқыға деген сүйсініс емес, ұлттық жадыға құрмет пен болашаққа деген үміт жатыр. Оның бейнесі Қазақстанның өзін жаңа қырынан танытуына ықпал ететін мәдени нышандардың біріне айналуы мүмкін.

Қорытындысында, Ақжан – өткеннің дала рухы мен бүгінгі заманның қалалық болмысын жалғайтын символ. Қазақтың жылқыға деген құрметі сақталған жерде еркіндікке, тазалыққа және елдікке деген ұмтылыс та жалғаса береді.