Конституциялық реформа: Жаңару мен өзгеру компьютерді тазалау мен қайта іске қосуға ұқсай ма?
Қоғамның тынбай қозғалыста болғаны жақсы. Қозғалмаса көшке ілесе алмай,өзге қоғамдардың шыңында қалып қоюы мүмкін. Қозғалыс ұғымында біз саяси реформаларды айтып отырмыз.
Ірі саяси реформаларды қоғамдағы келісім мен тұрақтылық жағдайында ғана жүзеге асыру мүмкін болса керек. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанда талай оң өзгерістерге жол ашылып келді. Соның нәтижесі ретінде бүгінгі Конституциялық реформаны және оның ішінде биліктегі таразылау үдерісін айтуға болады. Таразылау дегенде Конституциялық заң тармақтарын және мемлекеттік басқарудағы әлеуетті халық пен қоғамға оңтайлы ету немесе елдің дамуы үшін тиімділігін арттырудеп түсінеміз. Сол себепті Конституциялық реформаны және биліктегі заң шығару институтының өзгертілуін қоғам жақсы қабылдап отыр.
Негізінен, Конституциялық реформаға бару өте үлкен де күрделі әрі жауапты іс. Бұл үшін президент тарапынан саяси шешім мен қажыр-қайрат керек. Бір жағынан алып қарағанда, жүйенің ондаған жыл өзгеріссіз тұруы да жөн емес, жүйенің жаңарып тұруы демократиялық бағытты ұстанған елдерге тән нәрсе. Демократиядан алыс тұрған елдерде жүйе оңайлықпен өзгере бермейтіні рас. Кейде демократиялық, бірақ құрама болып біріккен елдерде де жүйенің өзгеруі сирек болады. Ал құрамалығы жоқ немесе федерациялық емес елдерегер демократиялық жолда болса, біздің Қазақстандағы сияқты өзгерістерді оңай жасап отырады.
Бастысы, біздегі саяси реформалар жөнінде әлемдегі саясаткерлер тарапынан беріліп жатқан оң баға көп. Соған қарағанда алған бетіміз түзу, бағытымыз тура деуге болар.
Қарапайым мысалмен салыстырсақ былай деуге келеді. Компьютеріңіз немесе ұялы телефоныңыз ұзақ уақыттан бері сүрлігіп, сүріне-қабынып, сұрағаныңыздың жауабын күттіріп барып беріп жатқанын байқауыңыз мүмкін. Қаншалықты техника болса да оның ішіндегі жүйе мен алгоритмдер шаршайтын болса керек. Мемлекеттің жүйесі де оның қоғамы да сондай. Жүйе сүрлігеді, кей жағдайда тығырыққа тіреледі, заңдардың өзектілігі кемиді, салалардың тиімділігі төмендейді, биліктің әлеуеті тағы бір таразылауды және реттеуді қажет етеді деген сияқты. Компьютеріңіздіңшаршағанына назарыңыз түскенде бірінші кезекте қажетсіз контенттер мен бағдарламаларды, жиналып қалған артық файлдарды, мыңдаған фотосуреттер мен видеолардың ішіндегі керексізін жоясыз. Содан кейін «перезагрузка» жасайсыз немесе сөндіріп, қайта қосасыз. Мүмкін заманауи жаңа бағдарламаларды жүктеп аласыз. Конституциялық реформа да осыған ұқсас нәрсе емес пе? Яғни Ата заңға, мемлекеттік саясат пен билік жүргізу ісіне «перезагрузка» жасау. Компьютер «перезагрузкадан» кейін жылдам, анық-қанық, мінсіз жұмыс істейді. Конституциялық реформадан кейін де мемлекетті басқару ісінде жылдам, оңтайлы, тиімді, әділ жұмыс күтілуде. Мұндағы мақсат – Қазақстанды ықтимал сыртқы және ішкі қатерлерге қарсы қуатты ету, болашақтағы бұдан да игілікті жаңа өзгерістерге дайын болуы үшін мемлекетті, экономиканы, жалпы, қоғамды күшейту.

Сурет: Ақорда
Реформаның аясындағы маңызды қадамның бірі – Мәжіліс пен Сенаттың таратылып, паламентіміз енді бір палаталы Құрылтайдан тұратын болады. Көптеген шет мемлекеттердің көшбасшылары Қазақстанның бұл қадамына жақсы баға беріп жатыр. Францияның халықаралық RFI радиосы біздің бір палаталы форматқа ауысуымызды мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси трансформацияның ең негізгі кезеңі деп атады. Орталық Азия елдерінің саясаты мен экономикасынан хабар тарататынАмериканың ағылшын тілді Timesca басылымы біздегі реформа қоғамдық жауапкершілікті арттыратынын және мемлекеттік басқарудың моральдық стандарттарын кеңейтетінін айтады. Түркияның «Анадолы» мемлекеттік ақпарат агенттігі парламенттің жаңа конструкциясы саяси жүйені икемді ететінін және елдің қатерлерге қарсы дайындығы күшейтетінін айтады. Ал Еуроодақтың халықаралық сарапшылары біздегі реформа мемлекеттің төзімділігін арттырады және әділ мемлекет құруға бағытталған деп баға берді.
Осы күнде әлемдегі мемлекеттердің 60 пайызының, яғни 107-сінің парламенті бір палаталы екен. Қалған 40 пайызында қос палаталы парламент. Мысалы, Қытайда, Норвегияда, Швецияда бір палаталы парламент жұмыс істейді. Қос палаталы парламент көбінесе құрама мемлекеттерге тән екенін жоғарыда айттық. Мысалы, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германияда парламенттер қос палаталы.

Сурет: ЖИ
Швеция қос палаталықтан бір палаталық жүйеге 1971 жылы ауысты. Парламенттері Риксдаг деп аталады. Оларда 349 депутат төрт жылға сайланады. Финляндияда 1906 жылдан бері Эдускунта деген бір палаталы парламент жұмыс істейді. Депутаттары 200 болады, төрт жылда бір сайланады. Даниядағы бір палаталы парламент 1953 жылдан бері істейді. Депутаттары 179. Данияның депутаттарына басым дауыспен үкіметті тарататын құқық берілген. Түркияның бір палаталы парламенті Үлы ұлттық жиын деп аталады. Оған 600 депутат бес жылға сайланады. Әдетте депутаттардың жартысын президентті жақтайтын партиялардың өкілдері құраса, қалған жартысы президентке қарсы оппозициялық партиялардың өкілдерінен тұрады. Содан да парламентте дау-дамай көп. Қытайдың бір палаталық парламентінде 3000 депутат болады. Праламент Халық өкілдерінің Бүкілқытай жиыны деп аталады. Жиналысты жылына бір рет өткізеді, өзекті шешімдер қабылданады, елдің басшылығын бекітеді. Қалған уақыттың бәрінде тек 175 мүшеден құралған Тұрақты комиссия жұмыс істейді, заң шығарумен солар айналысады.
Біздегі Құрылтай қандай боларын сайлаудан кейін көреміз. Негізінен ұлтжанды, білімді, мықты адамдар іріктеліп сайлануы керек. Өткен парламентте жағымсыз адамдар болды, сол сияқты нағыз лайық тұлғалар да көп болды. Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына партиялар жауапкершілікпен қарап, жеңіл ойлап, жеңіл сөйлейтіндерді, даңғаза популистерді, түк бітірмесе де жұмыс істеп жүрген сияқты көрініп имитация жасаушыларды, жалтақ, табандылығы жоқ адамдарды, тілі орысша жандарды, ләпбайшыл жағымпаздарды немесе жөн-жосықсыз байбаламшыларды, бейімделгіштерді, осы сияқты тағы басқа адамдарды тізіміне қоспаса болар еді деп ойлайды екенсің. Өткен парламентте тамаша депутаттар болды. Солар тағы да сайланып Құрылтайда жүрсе жарасады. Партия демекші, бірқатар партияның жетекшісі ауысты. Бірақ ол партиялардың заты өзгерді деуге келмейді. Партиялар жаңарып жатыр деп те айту қиын. Қалай болғанда да Құрылтайға жаңа адамдардың келері сөзсіз. Вице-президенттік лауазымға да тәуір адам келеді деп ел сеніп отыр. Сондықтан үміт те үлкен.
Ендеше Әділетті Қазақстанға, Жаңа Қазақстанға – даңғыл жол!