Түркістанда мектеп директорын тағайындау конкурсы заңсыз деп танылды
Мектеп директорын іріктеу дауы кассациялық сотқа дейін жетті.
Түркістан облысында мемлекеттік мектеп директорын тағайындау конкурсына қатысты дау кассациялық сотта қаралып, конкурс нәтижесі заң талаптарына сай өткізілмегені анықталды.
Іс Түркістан облысының Білім басқармасына қарсы талап арыз негізінде қаралған. Талапкер мемлекеттік мектеп директорының бос лауазымына жарияланған конкурс қорытындысын бекіткен комиссия хаттамасын заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды сұраған.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырып, конкурс комиссиясының хаттамасын заңсыз деп таныған. Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Кассациялық сот істі қайта қарап, конкурсты ұйымдастыру және өткізу барысында заңнама мен мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау қағидаларының талаптары елеулі түрде бұзылған деген қорытындыға келді. Соттың пікірінше, бұл кемшіліктер конкурс рәсімінің заңдылық, ашықтық және жариялылық қағидаттарына сәйкес өткенін растауға мүмкіндік бермейді.
Атап айтқанда, конкурс туралы хабарландыру мемлекеттік органның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланбаған. Соның салдарынан байқауға қатысуға ниетті азаматтардың барлығы бірдей ақпараттандырылмаған.
Сот талқылауы барысында конкурс комиссиясының отырысы толық көлемде аудио және бейнежазбаға түсірілмегені де анықталған. Іс материалдарында комиссия мүшелерінің кандидаттарды талқылауы, балл қоюы және бағалау парақтарын толтыру сәттері тіркелмеген.
Сот толық бейнежазбаны ұсынуды талап еткеніне қарамастан, жауапкер тек үміткерлермен өткен сұхбаттың бір бөлігін ғана тапсырған. Бұл конкурс комиссиясының шешім қабылдау тәртібінің заң талаптарына сай өткенін тексеруге мүмкіндік бермеген.
Кассациялық сот конкурс өткізу тәртібін сақтау жай ғана рәсім емес, ашықтықты, объективтілікті және әділдікті қамтамасыз ететін міндетті құқықтық кепілдік екенін атап өтті. Сондай-ақ конкурс нәтижесінің заңдылығы барлық рәсімнің толық әрі талапқа сай орындалуына тікелей байланысты екенін жеткізді.
Қаулымен апелляциялық соттың шешімі күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Дегенмен бірінші сатыдағы сот шешіміндегі конкурс комиссиясын қайта әңгімелесу кезеңін өткізуге міндеттеу туралы тармақ алынып тасталды.
Кассациялық сот анықталған заңбұзушылықтар конкурс жарияланған сәттен басталғанын және бүкіл рәсімге әсер еткенін атап өтті. Сондықтан тек қайта сұхбат өткізудің өзі заң талаптарының бұзылуын жоя алмайды деген қорытынды жасалды.
Материал авторы