Дженсен Хуанг Nvidia басшылығына отставкадан 11 күн өткен соң қайта оралды

Компания директорлар кеңесінің шешімі бірден күшіне енді, ал шетелдік барлау қызметінің ықтимал араласуына қатысты тергеу жалғасады.

Дженсен Хуанг Nvidia басшылығына отставкадан 11 күн өткен соң қайта оралды
Soeren Stache/dpa/picture alliance

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Nvidia директорлар кеңесі Дженсен Хуангты компания президенті, бас атқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметіне бірауыздан қайта тағайындады. Шешім 23 қарашада қабылданып, бірден күшіне енді.

Дауыс берер алдында директорлар кеңесінің мүшелері Хуангпен бірнеше рет кездесіп, пікір алмасқан. Компанияның мәліметінше, олар оның ашықтығына және Nvidia-ны басқару қабілетіне көңілі толған.

Шешім қабылдау кезінде директорлар кеңесі АҚШ үкіметінің жоғары лауазымды өкілдерінің пікірін де ескерген. Кеңес Хуангтың қызметіне қайта оралуы ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді деген қорытындыға келген.

Директорлар кеңесінің төрағасы Харви Джонс Хуангтың компанияны басқаруға лайық екенін және оның қайта оралуы акционерлердің, қызметкерлердің, серіктестер мен клиенттердің мүддесіне сай келетінін мәлімдеді. Джонс төраға қызметін сақтап қалады.

Ол уақытша бас атқарушы директор міндетін атқарған Колетт Кресске де алғыс айтты. Кресс осы кезеңде Nvidia-ның қаржы директоры ретіндегі негізгі міндеттерін қатар атқарған.

Хуанг компания басшылығына қайта оралуды үлкен мәртебе санайтынын айтып, директорлар кеңесіне сенімі мен шешімді жан-жақты қарастырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Харви Джонсқа, Колетт Кресске, басқарушы топқа, қызметкерлерге, акционерлерге, сала өкілдері мен серіктестерге ризашылығын жеткізді.

Тергеу жалғасады

Бұған дейін Nvidia шетелдік барлау қызметі Хуангты нысанаға алғаны туралы баспасөзде жарияланымдар шыққанын хабарлаған. Осыған байланысты директорлар кеңесі тек тәуелсіз директорлардан тұратын арнайы комитет құрып, тергеу жүргізуді тапсырған. Комитет жұмысқа тәуелсіз заңгерді тартқан.

Компанияның хабарлауынша, тергеу соңына дейін жалғасады. Хуанг оның жүргізілуін толық қолдап, комитетпен ынтымақтасуға дайын екенін білдірген.

Директорлар кеңесі ұлттық қауіпсіздік пен экспорттық бақылау жөніндегі комитет те құрған. Оның құрамына тек тәуелсіз директорлар кірген. Комитет сауда талаптарының сақталуын және ұлттық қауіпсіздікке қатысты тәуекелдерді қадағалайды.

Қазір комитет ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибесі бар заңгер іздеп жатыр. Ол өз кезегінде осы саладағы сарапшыларды кеңесші ретінде тартпақ. Бұдан бөлек, Nvidia компания бойынша нормативтік талаптардың сақталуын бақылайтын комплаенс-директор лауазымына үміткер іздеуді бастайды. Ол тағайындаулар және корпоративтік басқару комитетіне есеп береді.

Nvidia мемлекеттік тергеулер мен ресми сұраулар бойынша ынтымақтастықты жалғастырады.

Отставкаға дейінгі дау

Еске салайық, Nvidia директорлар кеңесі 12 қарашада Дженсен Хуангтың қызметтен кеткенін жариялаған. Компанияның ресми мәлімдемесінде отставканың себебі көрсетілмеген.

Reuters агенттігінің жазуынша, бұған Nvidia басшысының кәсіпкер Элис Хуангпен жеке қарым-қатынасы туралы ақпараттан кейін басталған дау себеп болған. АҚШ арнайы қызметтері әйелді Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындағанымен, Элис Хуангтың Қытай билігімен болжамды байланыстары туралы білмегенін айтқан. БАҚ-та оның жұбайы Лоримен ажырасуы 80 миллиард доллардан астам шығынға әкелуі мүмкін деген ақпарат та жарияланған.

The New York Times басылымы Хуангтың Nvidia вице-президенті Кимберли Пауэллмен де некеден тыс байланысы болуы мүмкін екенін жазған.

Дау ушыға түскен тұста Nvidia директорлар кеңесі шетелдік ықтимал араласуға қатысты тәуелсіз тергеу бастаған. Reuters бұл тексеру америкалық жасанды интеллект чиптерінің Қытайға жеткізілуі және экспорттық шектеулерді айналып өту ықтималдығы мәселелерін де қамтығанын хабарлаған.

АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының үш комитетінің төрағасы Хуангты өнеркәсіптік тыңшылықтан қорғану шаралары туралы түсініктеме беру үшін жабық брифингке шақырған.

Директорлар кеңесі 11 қарашада Хуангтың болашағын талқылап, келесі күні оның қызметтен кеткенін жариялаған. Бірнеше күннен кейін оның Nvidia басшылығына қайта оралғысы келетіні туралы ақпарат тараған. Қолдаушылары оны қайта тағайындауға күш салған, ал акционерлер мұрагер таңдауға асықпауға шақырған.

Материалда сондай-ақ Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Хуангтың отставкасына қатысты әжуалы пікір білдіргені айтылады.

Айта кетейік, 23 қазанда Дженсен Хуанг Астанада өткен AI Month форумының арнайы қонағы болған. Ол Қазақстанды физикалық әлеммен әрекеттесетін жасанды интеллект — Physical AI бойынша әлемдік орталыққа айналдыруды ұсынған.

Материал авторы