148

Олжас Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысын таныстырды

Премьер-министр жұмысқа дайын емес басшылар қызметтен кетуі тиіс екенін мәлімдеді.

Олжас Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысын таныстырды
@KZgovernment

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ұжымына жаңа басқарма төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды.

Ерсайын Нағаспаев «Самұрық-Қазына» қорының шешімімен осы лауазымға тағайындалды. Үкімет басшысы оның өнеркәсіп, көлік және мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесіне тоқталып, бұған дейін ҚТЖ-да жұмыс істегенін және 2025 жылдың ақпанынан бері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарғанын атап өтті.

Кездесу барысында Олжас Бектенов компания алдында тұрған негізгі міндеттерді атады. Олардың қатарында көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және тиімділікті көтеру бар.

Сонымен қатар корпоративтік тәртіпті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жандандыру және басшылардың дербес жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық хабына айналдыру міндеті қойылғаны атап өтіліп, мемлекет пен халық игілігі үшін жұмыс істеуге дайын еместер қызметтен кетуі тиіс екені жеткізілді.

Биыл «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерін салу жобалары аяқталатыны, ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» жобасын бітіру қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, жылжымалы құрам өндірісін дамыту, мультимодальді жүк тасымал жүйесін қалыптастыру және цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жеделдету тапсырылды. 

Материал авторы