Ливия Украинаны БҰҰ сотына бермек
Украинаның Ливия портына жасаған соққысы халықаралық дауға ұласты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ливия Украинаға қарсы БҰҰ Халықаралық сотына шағым түсіруге дайындалып жатыр. Бұған Бенгази портындағы шабуылдар кезінде ел егемендігінің бұзылуы себеп болды.
22 қарашада Бенгази портына жасалған соққы салдарынан ресейлік «Меркурий» корветі суға кетті. Ливия билігінің мәліметінше, кеме Ресейге барар жолда жанармай құю және азық-түлік қорын толықтыру үшін портқа тоқтаған болатын.
Украина президенті Владимир Зеленский шабуылды украин күштері жасағанын растады. Оның айтуынша, корветпен бірге бортта болған Ка-27 тікұшағы да жойылған. Сондай-ақ, Украина тарапы «Ангара» атты ресейлік жүк кемесіне де соққы берілгенін мәлімдеді. Украинаның Қауіпсіздік қызметі бұл кемелердің қару-жарақ тасымалдаумен айналысқанын алға тартады.
Ливия Президенттік кеңесінің мүшесі Мұса әл-Куни Киевтің әрекетін қабылдауға болмайтын жағдай деп атады. Ливия Сыртқы істер министрлігі Украинадан ресми түсініктеме талап етті.
Ливияның Гаагадағы өкілдігі БҰҰ Халықаралық сотына шағым түсіру үшін заңды құжаттарды дайындап жатыр. Араб елінің билігі портқа келтірілген айтарлықтай материалдық шығынды халықаралық құқық нормаларына сәйкес толық өтеуді талап етпек.
Материал авторы