84

«Мені қаралап жатыр»: Ерке Есмахан дизайнердің сынына жауап берді

Ерке Есмахан Мәдина Ералиеваның көйлегіне қатысты сынға жауап қатты.

«Мені қаралап жатыр»: Ерке Есмахан дизайнердің сынына жауап берді
instagram.com/erke_esmahan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Ерке Есмахан дизайнер Ханым Айдаштың сынына жауап беріп, Мәдина Ералиеваның сахналық көйлегін қайта тіктіріп, өзі киіп шықты деген пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, бейнебаяндағы кадрда әншінің өзі емес, марқұм Мәдина Ералиеваның архивтегі бейнесі көрсетілген.

Бұған дейін Ерке Есмахан Мәдина Ералиеваның «Наз» әнін өз нұсқасында орындап, оған бейнебаян түсірген. Дизайнер Ханым Айдаш әншінің клиптегі образы түпнұсқаға ұқсас болғанымен, оның авторы ретінде өзін атамағанына реніш білдірген.

Айдаштың сөзінше, ол кезінде Мәдина Ералиеваға күлгін көйлек тігіп берген. Ал Ерке Есмаханның бейнебаянында сол киімнің жаңартылған нұсқасы көрсетілген. Дизайнер шығармашылық туындыны қайта жаңғыртқанда оның авторын атау — еңбекті құрметтеу деп санайды.

«Қай жерде рақмет айтпай қалдым?»

Әнші әлеуметтік желідегі Stories жазбаларында дизайнердің сұхбатын тыңдаған соң, өзіне қатысты сынның себебін түсінуге тырысқанын айтты. Есмаханның сөзінше, ол бірнеше күн әлеуметтік желіге кірмей, отбасымен уақыт өткізген. Кейін өзіне жала жабылып жатқанын білген.

«Қандай идеямен қандай көйлек киіп едім? Қай жерде рақмет айтпай қалдым? Кімнің еңбегін бағаламай қойдым деп біраз ойландым», – деп жазды әнші.

Есмаханның түсіндіруінше, бейнебаянның соңында Мәдина Ералиеваның архивтен алынған бейнесі мен дауысы пайдаланылған. Сол кадрда марқұм әншінің бұрын киген көйлегі мен шляпасы көрінеді. Ерке Есмахан бұл киімді өзі кимегенін атап өтті.

Әнші жұртшылық мән-жайды анықтамай тұрып өзін кінәлағанын әділетсіздік деп бағалады. Сонымен бірге дизайнерге реніші жоқ екенін, керісінше, оның еңбегін құрметтейтінін жеткізді.

«Бұл – Мәдина апамызға және қазақ өнеріне деген құрметім»

Ерке Есмахан «Наз» әніне қатысты сын әлі де жалғасып жатқанын айтып, туындыны кішкентай кезінен орындап келе жатқанын еске салды. Оның сөзінше, әнге бейнебаян түсіру — Мәдина Ералиеваға және қазақ өнеріне деген құрметінің белгісі.

Әнші тыңдармандарының жаңа туындысын жылы қабылдағанына қуанышты екенін де жазды. Оның айтуынша, әнге қатысты жағымды пікірлер көп, ал сынның бір бөлігі енді көйлекке ауысқан.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор