TikTok жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейтіп, ЖИ контентін анықтайтын жаңа құралдарды іске қосты
TikTok ЖИ көмегімен жасалған видеолар мен рұқсатсыз пайдаланылған бейнелерді анықтайтын құрал ұсынды.
TikTok платформасы жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігін күшейтуге, ата-аналардың бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге және жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдарды анықтауға арналған бірқатар жаңартуды іске қосты. Жаңа функциялар ата-аналарға балаларының цифрлық белсенділігін бақылауға, мұғалімдерге оқушылармен интернеттегі қауіпсіздік мәселелерін талқылауға, ал контент авторларына өз бейнесінің келісімінсіз пайдаланылу жағдайларын анықтауға көмектеседі.
Платформа жаңартылған «Отбасылық баптаулар» функциясын, педагогтерге арналған нұсқаулықты және ЖИ көмегімен жасалған контентті тану құралдарын ұсынды. Сонымен қатар, креаторлар мен қоғам қайраткерлерінің сыртқы келбетін рұқсатсыз пайдаланудан қорғауға бағытталған Likeness Detection технологиясын енгізе бастады.
Ата-аналар балаларының TikTok-тағы белсенділігін бақылай алады
TikTok-тың «Отбасылық баптаулар» функциясы ата-аналарға өз аккаунтын жасөспірімнің парақшасымен байланыстырып, оның қауіпсіздік пен құпиялылық параметрлерін басқаруға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер аккаунттарында бұған дейін де жас ерекшелігіне сай контент шектеулері мен әдепкі бойынша күніне 60 минутқа белгіленген экран уақыты лимиті сияқты қорғаныс тетіктері болған.
Жаңартылған нұсқада ата-аналарға баласының платформадағы әрекеттері туралы ақпаратты көру ыңғайлы етілді. Интерфейс төрт негізгі бағытты қамтиды:
-
Экран уақыты. Ата-аналар жасөспірімнің TikTok-та орта есеппен қанша уақыт өткізетінін, түнгі белсенділігін және белгіленген уақыт шектеулерін көре алады.
-
Өзара әрекеттесу. Жасөспірімнің жазылушылары мен өзі жазылған аккаунттар санының өзгерісін, сондай-ақ бұғаттаған профильдерін бақылауға болады.
-
Қызығушылықтары. Ата-аналар жасөспірім жазылған креаторлардың бейнероликтерін қарап, оның қандай тақырыптар мен қауымдастықтарға қызығатынын біле алады.
-
Жарияланымдар. Бір апта ішінде жарияланған ашық бейнероликтер мен олардың қаралым санын көруге мүмкіндік бар.
Бұл мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады. Бұған қоса, жаңартылған «Отбасылық баптаулар» функциясы веб-браузер арқылы да қолжетімді болады.
TikTok пен Qualtrics компаниялары жүргізген зерттеу ата-аналардың балаларымен цифрлық ортадағы тәжірибесі туралы сөйлесуге қызығушылық танытатынын көрсетті. Сауалнамаға қатысқан жасөспірім ата-аналарының 70 пайыздан астамы осындай әңгімені бастауға көмектесетін құралдардың болғанын қалайтынын айтқан. Бұл ата-аналар үшін тек шектеу қою емес, балаларымен сенімді қарым-қатынас орнату да маңызды екенін аңғартады.
Платформа «Отбасылық баптаулар» аясында тағы бір мүмкіндікті әзірлеп жатыр. Егер жасөспірім суицид немесе өзіне зиян келтіру тақырыптарына қатысты материалдарды бірнеше рет іздесе, ата-анасына ескерту жіберіледі. Хабарламамен бірге баламен бұл тақырыпты әдеппен талқылау және оған қолдау көрсету жөніндегі ұсынымдар ұсынылады.
Мұғалімдерге арналған арнайы нұсқаулық әзірленді
TikTok мұғалімдер мен жастар қауіпсіздігі саласындағы сарапшылардың қатысуымен педагогтерге арналған нұсқаулық дайындады. Онда платформаның жұмыс істеу тәртібі, онлайн қауіпсіздік құралдары және оқушылармен цифрлық әл-ауқат пен медиасауаттылық мәселелерін талқылауға арналған кеңестер қамтылған.
Нұсқаулық TikTok-тың қауіпсіздік орталығында жарияланады. Бұл материал педагогтерге оқушылардың цифрлық ортадағы мінез-құлқын түсінуге және интернетті жауапкершілікпен пайдалану жөнінде әңгіме жүргізуге көмектесуге бағытталған.
Жасанды интеллект жасаған контентті анықтау жеңілдейді
Платформа сурет пен бейненің TikTok-тың генеративті жасанды интеллект құралдарымен жасалғанын немесе өңделгенін тексеруге мүмкіндік беретін жаңа функцияны таныстырды. Оны TikTok-та аккаунты жоқ адамдар да пайдалана алады. Ол үшін материалды платформаның Ашықтық орталығы арқылы жүктеу қажет.
Тексеру кезінде контенттің шығу тегі туралы ақпаратты қамтитын цифрлық белгілер мен TikTok әзірлеген көрінбейтін сутаңбалар қолданылады. Мұндай белгілерді материалды жүктеп алу немесе өңдеу кезінде жою қиын. Сондықтан ЖИ көмегімен жасалған контентті TikTok-тан тыс жерде таратылған жағдайда да анықтауға мүмкіндік бар.
Платформаның мәліметінше, қазірдің өзінде жасанды интеллект көмегімен жасалған 5 миллиардтан астам бейнероликке арнайы белгі қойылған.
Креаторлардың бейнесін рұқсатсыз пайдаланудан қорғайтын құрал іске қосылады
TikTok Likeness Detection деп аталатын технологияны әлем бойынша кезең-кезеңімен енгізетінін хабарлады. Бұл құрал креаторлар мен қоғам қайраткерлеріне өздерінің сыртқы келбеті келісімінсіз пайдаланылған ЖИ көмегімен жасалған материалдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Функцияны іске қосу үшін пайдаланушы платформаның үшінші тарап серіктесі арқылы жеке басын растауы керек. TikTok бұл рәсім барысында пайдаланушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарын сақтамайтынын мәлімдеді.
Құрал қосылғаннан кейін авторлар өз бейнесінің ықтимал пайдаланылуы туралы хабарлама алып, анықталған материалдарды қарай алады. Егер контент Қауымдастық ережелерін бұзса, оған шағым жіберуге болады.
Платформада ЖИ сауаттылығын арттыруға да көңіл бөлінеді
TikTok жасанды интеллект технологияларын түсіну және оларды жауапкершілікпен пайдалану бағытындағы бастамаларын да кеңейтіп келеді. 2026 жылғы шілдеде платформа қосымша ішінде білім беру бөлімін іске қосқан. Содан бері оған 4 миллионнан астам пайдаланушы кірген.
Сонымен қатар, «Тақырыптарды басқару» функциясы ұсыныстар лентасындағы белгілі бір санаттағы бейнероликтердің көрсетілу жиілігін реттеуге мүмкіндік береді. Оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған контент те бар.
Жаңа құралдар пайдаланушылардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін арттыруға, ата-аналар мен педагогтердің мүмкіндіктерін кеңейтуге және ЖИ технологияларын қолдану кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.