145

Ақтөбе облысында дәрігер жол апатынан қаза тауып, артынша ұлы көз жұмды

Анасының қазасын көтере алмаған ұлы өз-өзіне қол жұмсаған.

Ақтөбе облысында дәрігер жол апатынан қаза тауып, артынша ұлы көз жұмды
vrachi_aktobe

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында бір отбасының екі мүшесі қайтыс болды. Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігері Назгүл Қантөренова жол-көлік оқиғасынан қаза тауып, артынша оның ұлы қайғылы жағдайда көз жұмды. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.

Қайғылы оқиға 23 қараша күні Қандыағаш — Шалқар тас жолында, Жұрын ауылының маңында болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Renault көлігін тізгіндеген әйел рөлге ие бола алмай, көлік жолдан шығып аударылып кеткен. Дәрігер алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды.

Марқұм Назгүл Қантөренова Мұғалжар аудандық ауруханасында оториноларинголог болып қызмет еткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігер 9 қарашадан бастап еңбек демалысында болған.

Анасының қазасынан кейін оның ұлы Расул Бақтыбайдың да өмірі үзілді. Полиция өкілдері жас жігіттің өлімі тікелей жол апатымен байланысты емес екенін, оның өз-өзіне қол жұмсағанын нақтылады.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Материал авторы