Алматыда үй иесі қонағын пышақтап өлтіріп, мәйітті жертөлеге тыққан
Ер адамдар арасындағы ішімдік ішу кезіндегі жанжал қайғылы жағдайға ұласты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Медеу ауданында жеке үй иесі қонағын пышақтап өлтіріп, мәйітті жертөлеге жасырған. Оқиға бірге ішімдік ішкен сәтте туындаған жанжал салдарынан болды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 50 жастағы үй иесі мен 45 жастағы танысы арасында кикілжің шыққан. Жанжал кезінде күдікті қолына пышақ алып, қарсыласына өлімге әкелетін жарақат салған.
Қылмысты жасыру мақсатында ер адам марқұмның денесін үйдің жертөлесіне тыққан. Алайда «Буран-609» патрульдік экипажы жедел іздестіру шаралары барысында күдіктіні қолға түсірді.
Оқиға орнынан қылмыс құралы – пышақ тәркіленді. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Материал авторы