Қостанайда топырақ басып қалған ер адам қаза тапты
Тереңдігі шамамен үш метр траншеядағы жұмысқа жіберілген ер адам топырақ опырылған кезде қаза тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзып, адам өліміне себеп болғаны үшін айыпталушыға үкім шығарылды. Сот оны екі жылға бас бостандығын шектеуге және өндірістік жұмыс қауіпсіздігіне қатысты басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыруға шешім қабылдады. Бұл туралы Қостанай облыстық соттарының ресми Telegram-арнасы хабарлады.
Қостанай қаласының №2 сотында еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға жауапты адамның оларды бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкелген іс қаралған. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы тамызда айыпталушы ер адамды тереңдігі шамамен үш метр траншеяның ішіндегі жұмысқа жіберген. Жұмысшыға тиісті еңбек шарты жасалмаған, ал траншея қабырғалары мен топырақтың опырылу қаупі анық болған. Соған қарамастан, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қабылданбаған.
Траншея қабырғалары тиісті деңгейде бекітілмеген, қауіпсіз еңістер мен басқа да қорғаныс шаралары болмаған. Соның салдарынан топырақ опырылып, траншея ішінде жұмыс істеп жатқан ер адамды басып қалған. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін толық мойындағанын, өкінгенін, келтірілген залалды өтегенін және марқұмның жақынының оны қатаң жазаламауды сұрағанын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот айыпталушыға екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен бірге ол бір жыл алты ай бойы өндірістік жұмыстарды ұйымдастыруға, бақылауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ еңбек пен техника қауіпсіздігіне қатысты басшылық қызметтерді атқара алмайды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы