Қарағандыда жүргізуші зейнеткерді автобустан түсіріп, азық-түлігін басып кетті
Жолаушыны түсіріп, жүгін басып кеткен жүргізуші қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда қоғамдық көлік жүргізушісі зейнеткерді жүгімен бірге автобустан түсіріп тастады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қарт адам көліктен шыққаннан кейін жүргізуші жолға шашылып қалған азық-түліктің үстінен автобуспен басып өткен. Бұл туралы ekaraganda.kz жазды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұл әрекетті жол берілмейтін жағдай деп бағалады. Қазіргі таңда жүргізуші жұмыстан шеттетіліп, автопаркте қызметтік тексеру басталды. Мекеме өкілдері оны кейіннен жұмыстан босату мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Полиция департаменті оқиғаға қатысты 40 жастағы жүргізушіні анықтап, бөлімшеге жеткізді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша хаттама толтырылды. Жолаушылар мен багажды тасымалдау ережесін бұзғаны үшін оған 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ал «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша іс сотқа жолданды. Сот шешімі шыққанға дейін жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жүргізуші өз сөзінде зейнеткерді автобустан күштеп шығармағанын, тек багажының тым көп болуына байланысты қызмет көрсетуден бас тартқанын алға тартты. Ол өзінің бұл әрекетін қоғамдық көліктің жүк тасымалдауға арналмағанымен түсіндіруге тырысты.
Материал авторы