Қазақстанның бастамалары жер-жаһанды тұрақтылыққа жетелейді
Қазақстан әлемдік қауымдастықтың алдында сүйкімі бар мемлекеттердің бірі. Жылдан-жылға абыройы да артып келеді. Қазіргі уақытта біздің елімізді әлем орта державалардың қатарында атайтын болды. Орта державаларға Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка республикасы, Мексика және Бразилия кіреді. Орта держава деп танылуы Қазақстанның да әлемдік саясатта өзінің орны бар екенін көрсетеді. Яғни саясаттағы ойыншылардың қатарындамыз.
Бұл жерде айтатын маңызды нәрсе – Қазақстанның халықаралық аренадағы жаһандық және әлемдік бастамалары. Еліміздің жаһандық бастамалары бейбітшілікті нығайтуға, ядролық қарудан бас тартуға, дінаралық диалогты дамытуға, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, климат пен экологияны жақсартуға, соғыс жүріп жатқан аумақтардағы балаларды қорғауға, тағы басқа ізгілікті қадамдарға бағытталған. Қазақстанның жаһандық бастамалары еліміздің беделін арттырып келеді. Барлық бастамаларымызды өзге шет елдер қолдап-қуаттап жатыр. Қазақстан БҰҰ мінберінен Жаһандық стратегиялық бастама әзірлеу идеясын көтерген мемлекет. Бұл халықаралық қауіпсіздік пен дамуға бағытталған ауқымды жоспар. Қазақстанның ұсынған тұжырымы соғыстардың алдын алуға, экономикалық теңдікке және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделген.
Қазіргі уақытта біздің еліміз жаһандық бастамалар ұсынатын мемлекетке айналды десек те болады. Геосаясаттың алмағайып жағдайында Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы мен бітімгершілік бастамаларының маңызы өте үлкен. Еліміздің көпвекторлық бағытты ұстануы өзін ақтап қана қоймай, Қазақстанды тұрақты аймақ етіп келеді. Еліміз халықаралық миссияларға қатысады, жаһандық қауіпсіздікке қосып отырған үлесі де жоқ емес. Жалпы, Қазақстан жаһандық тұрақтылыққа үлес қосып келе жатқан мемлекет. Елдің бейбітшілік пен диалогқа негізделген бастамаларына халықаралық қауымдастық оң баға беріп келеді.
Сарапшылардың пікірінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары осы күнгі халықаралық қатынастар жүйесіне сай келеді. Оның «Әділетті әлем, татулық және даму жолындағы жаһандық бірлік» идеясы бүгінгі жағдайда аса маңызды идея. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау туралы ұсынысы да бүгінгі күнге жауап беретін өзекті ұсыныс. Ал киберқауіпсіздік, биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ұсыныстар жаһандық стратегияға негізделуімен құнды. Сонымен қатар Қазақстан қақтығыстар бойынша келіссөз алаңын ұсынатын мемлекетке айналды. Еліміздің халықаралық саясаттағы салмағы артып келеді. Қазақстан өзінің өзекті бастамаларымен тұрақтылық пен диалогтың жақтаушысы ретінде көрініп келе жатқан мемлекет.
БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаевбылай деді: «Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды. Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады. Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау толассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударғым келеді. Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзірлейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пікірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек».
Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы рөлін күшейтіп жатқан бастамалары баршылық. Солардың бірі су қауіпсіздігі, азық-түлік тұрақтылығы және өңірлік даму бағытындағы бастамалары. Судың жетіспеуі жаһандық күн тәртібіндегі қиын мәселелердің біріне айналды. Судың тапшылығы бүгінгі күнде геосаяси қауіп ретінде өзекті болып барады. Қазақстан су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған бастамаларды алға шығарып келеді. Біздің еліміз халықаралық Су ұйымын құру идеясын ұсынды.
Қазір әлемде жүзден аса қақтығыс орындары бар екен. Соның кейбіреуі үлкен соғысқа ұласып жатыр. Қақтығыстар көбейген сайын ядролық қаруды қолдану қаупі артады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде былай деді: «Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдаймыз, көпжақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп санаймыз. Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақыласақ болғаны. Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз».
Авторы: Мадина Нұрлан