Қазақстанның бастамалары әлемнің назарында
Жаһандық бастамалар дегенде бірінші кезекте Қазақстан президентінің ұсыныстары ойымызға келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары әрқашан өзекті болуымен бірге Қазақстанның беделі де артып келеді. Қазақстанды қазіргі уақытта әлем сенімді әріптес ретінде қабылдайды. Елдің көпвекторлы сыртқы саясаты, дүние жүзіндегі тыныштықты қолдауға бағытталған бастамалары, сонымен қатар өзіміздегі реформалар мемлекетіміздің абыройын асырып жатқаны сөзсіз. Қазақстан диалогтардың алаңы.
Өткен жылы Қазақстан орта держава ретінде танылды. Президент Тоқаевтың бастамалары әлемде кеңінен қолдау тауып келеді. БҰҰ-ын реформалау, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, цифрлық трансформацияны дамытуда жауапкершілікті нығайту сынды бастамалары оң бағасын алуда.
Қазақстанның көптеген бастамаларының ішінде бітімгершілік бастамаларына айрықша тоқтала кетуге болады. Бұл – Қазақстанның бейбіт миссиясының көрінісі. Біздің еліміз ядролық қарудан бас тартақан, бітімгершілік пен диалогты жақтаушы мемлекет. Біздің сыртқы саясатымыздың бағыты – жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосу. Қазақстан әлемдегі қақтығыс ошақтарындағы бітімгершілік миссияға қатысып келеді. Әскери контингент, оның ішінде инженерлер мен саперлер Ливанға, Голан жоталарына, Иракқа және Батыс Сахара, Дарфур, Кот-д’Ивуар, Либерия, Гаити аймақтарына жіберілді. Еліміздің гуманитарлық миссиясы да әлемге кеңінен танымал.
Қазақстанның берік ұстанымдарының тағы бірі – БҰҰ-ның ықпалын күшейту бастамасы. Яғни халықаралық құқықтардың сақталуы мен жұмыс істеуінің әлеуетін арттыру. БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында Қазақстан президенті былай деген: «Біріккен Ұлттар Ұйымы 80 жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келеді. Осы жылдар аралығында Ұйым біздің ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, өсіп-өркендеу, кедейлікті азайту, орнықты даму және адам құқығын қорғау бағытындағы ортақ күш-жігерімізді ілгерілетуге бастамашы болды. Алайда ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын. Дәл сол себепті жер жүзіндегі миллиондаған адам Біріккен Ұлттар Ұйымына үлкен үмітпен көз тігіп отыр. Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап және баламасы жоқ Ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік. Әйтсе де, біз көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз. Халықаралық құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды. Соның салдарынан, әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті».
Қазақстан президенті БҰҰ-ның позициясын күшейту керектігін айтты. Бұл істен барлық мемлекеттер сырт қалмай, көмек беруі қажет. Президент бұл жұмысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінен бастауды ұсынды. Қазіргі уақытта әлемде 120 қақтығыс ошағы бар екен. Соның ішіндегі ең үлкен қақтығыстар жер бетін мекен еткен барша халықтардың қауіпсіздігіне, экономикасына кері әсер етуде. Әлемде тәртіп пен әділдік кеміп жатыр.
Сессияда Тоқаев былай деді: «Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғыртуды көздейтін мұндай батыл әрекет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Қазақстан сонымен қатар жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады».
Қазіргі уақытта Таяу Шығыс пен Украинадағы жағдай бүкіл әлемнің тұрғындарын алаңдатып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Президенті жаһандық қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру бастамасын ұсынды. «Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді. Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның жаһандық бастамалары әлемнің назарын аударып тұр.
Материал авторы