48

Ішімдік пен есірткіге жолама, салауатты бол!

Еліміздің аумағында ішімдік пен есірткіге тәуелділікке қарсы күрес тоқтаған емес. Себебі Қазақстан халқының дені сау болуы маңызды. Бұл үшін мемлекет тарапынан көптеген шаралар ұйымдастырылған, мекемелер мен ұйымдар ашылған.

Ішімдік пен есірткіге жолама, салауатты бол!
AI / SMARTNEWS.KZ

Алкоголь мен есірткіге құмарлықтың соңы қасыретке апарып соғатыны түсінікті. Бұл нәрселер қоғамдағы ең жағымсыз әдеттер. Ішімдік ішетін немесе есірткі қолданатын адамның отбасында тыныштық, табысында береке, еңбегінде сапа болмайды әрі денсаулығы нашарлайды. Оған қоса қылмыстар мен отбасындағы жанжалдар, ажырасулар, көшедегі төбелесулер, жол-көлік оқиғалары, толып жатқан осы сияқты келеңсіздіктің бәрі ішімдік пен есірткінің кесірінен болып жатады. Яғни ішімдік пен есірткі қоғамға қауіп төндіреді. Сол үшін мемлекет тарапынан салауатты өмірді насихаттау мен оларға тәуелді жандарды емдеу шаралары ұйымдастырылып келеді. Салауатты өмірді қалыптастыру мақсатында жыл сайын бюджет қаражаты бөлінеді. 2026 жылы салауатты өмір салтын насихаттау мен профилактикалық шараларға бөлінген қаражат денсаулық сақтау бюджеті шеңберінде 102,9 миллиард теңгені құраған екен. Қаржы бұқаралық спортты дамытуға, аурулардың алдын алуға және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес те толастамайды. Себебі есірткі жастардың тағдырын бұзады. Үкімет есірткіге қарсы күрес үшін 2023–2025 жылдарға арнап 53 миллиард теңге бөлген еді. Ал 2026–2028 жылдар үшін бөлінген қаржы одан артық болмаса, кем емес. Есірткі саудасының жолын кесу жұмыстары да осы қаржының аясында атқарылады. Мұнда синтетикалық есірткіні жасайтын лабораторияларды анықтау менжою және есірткіні тарататын адамдарды қолға түсіру де бар. Тәуелді адамдарды мәжбүрлі түрде емдеу де осы қаражаттың аясында жүзеге асырылады.

Қазіргі күнде 109 мыңнан астам маскүнем мен есірткіге тәуелді адам психикалық ауытқу диагнозымен бақылау есебінде тұр екен. Оның 91 мыңы алкогольдық, ал 18 мыңы есірткіге тәуелділікке ұрынған. Ал есепке алынбаған жандар да көп. Себебі есепке алынғандар дәрігерден өз еркімен көмек сұрағандар немесе қылмыс жасап, сот шешімімен мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылғандар.

Жалпы, ішімдікке құмарлық пен есірткіге тәуелділікке қарсы шараларды мемлекет жылма-жыл атқарып келеді.  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жұмыс істейді. Барлық жерде емдеу орындары мен қарсы насихат орталықтары бар. Ішімдікті сату уақыты шектелген. Мысалы, сағат 12:00 мен 21:00 аралығында ғана сатылады. Темекі жасөспірімдерге сатылмайды. Ішімдік пен темекінің акцизі қымбат, сондықтан бағасы аса қолжетімді емес. Бұл шаралар да ішімдікті азайтпаса, көбейтпейді. Дәріханаларда жастарға психотроптық препараттарды сатуға тыйым салынған.

Негізінен алғанда Қазақстанда салауатты өмір салтын ұстану деңгейі жаман емес. Денсаулық сақтау министрлігінің есебі мен ұлттық зерттеулер көрсеткендей, халықтың 35,7 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады. Соның ішінде салауатты өмір салтының бес негізгі компонентін қатаң сақтайтындар 8,4 пайыз, тиіп-қашып, естеріне түскен күндері ғана ұстанатындар 27,3 пайыз екен. Халықтың қалған 64,3 пайызы салауатты өмір салтын ұстамайтын болар. Негізінен салауатты өмір салтын ұстауда ерлерге қарағанда әйелдер табандылық танытады. Әйелдердің 39, 5 пайызы, ал ерлердің 28,7 пайызы ұстанады.

Салауатты өмір дегенде түсінетініміз - денсаулық күтіміне көңіл бөлу, дұрыс тамақтану, тазалық сақтау, дәрігерге тексеріліп түру, күнде серуендеу, салмақты өлшеп жүру, ішімдік пен темекіге жоламау, уақтылы демалу, қалта телефонына үңіле беруді азайту, жаяу жүру, жүгіру, жаттығуларды жасау, адамдармен жиі араласу.  

Материал авторы

Серік Алдан
Серік Алдан Саяси шолушы