Арақты мүлде ұмытып, салауатты өмір сүретін ауылдар көбейіп жатыр
Ішімдіктің адамға пайдасы жоқ, ал зияны көп. Ол жағымсыз нәрсе әдетке айналып, қанға сіңіп кеткеннен кейін адам өзінің болмысынан ажырайды, психикасы мен жүйке жүйесі бұзылады, денсаулығы нашарлайды. Одан да жаманы отбасының шырқы бұзылады, ажырасу көбейеді. Ішімдіктік кесірінен адамдар қылмыс жасайды немесе төбелеседі. Ондайда бір-бірін жарақаттайды, тіпті кейде жанжалдың соңы өліммен аяқталады. Есірткіге байланысты айтылатын сөз де осы. Жастардың арасында есірткіге бой алдырып тағдыры бұзылатындардың бар екені өкінішті.
Ішімдік пен есірткіге қарсы мың-сан шараларды мемлекет жыл сайын белгілеп, орындап та жатыр. Еліміздің маскүнемдер мен нашақорларсыз болуына халық та мемлекет те мүдделі. Бірақ арақ-шарапқа сұраныс бар болғандықтан оның өндірісі мен импорты әзірге тоқтамайтын болар. Әрі арақ-шарапты өндіруші мен импорттаушылар еліміздің кәсіпкерлері. Яғни экономиканың жеке секторы. Ал экономиканың жеке секторы заңмен жақсы қорғалған. Себебі арақ-шараптың сауда айналымынан елдің бюджетіне салық ретінде және лицензиялық төлем түрінде түсетін қаражаттың ауқымы өте үлкен. Дегенмен де мемлекет тарапынан алкоголизм мен есірткіге қарсы жүргізіліп жатқан шаралар да айтарлықтай кең көлемді. Бұл жұмысқа бюджеттен жылына миллиардтаған қаражат жұмсалады. Ішімдік пен есірткіге қарсы насихат, емдеу, есірткі тасымалы мен саудасының жолын кесу, есірткіні астыртын өндіру орындарын жою, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсаттарында көптеген мекемелер мен ұйымдар жұмыс істейді. Ал ішімдік пен темекі саудасын акциздеу құнын қымбатату олардың бағасы аспандасын, қолжетімді болмасын деген мәселеден туындаған. Ішімдікті дүкендерде сату уақыты да едәуір шектелген. Осындай жұмыстардың нәтижесі болар, ішімдік пен есірткіге әуес адамдар бұдан он-он бес жыл бұрынғыға қарағанда қазір азайған деп жатады.
Осы орайда көптеген ауылдарда тұрғындар ішімдіктен бас тартып, салауаттыөмір салтына қарай ойысу үрдісі бар екенін айтқымыз келеді. Соңғы жылдары дүкендерінде ішімдік сатылмайтын ауылдардың саны күрт өсіп жатыр. Мысалы, Түркістан облысында дүкендеріне де, үйлеріне де ішімдік атаулыны жолатпайтын ауылдардың саны 88-ге жеткені жайлы өткен шілде айында жазылды. Осы қарқынмен енді біраз жылда Түркістан облысының барлық ауылдары түгелімен ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір кешетін болар. Әзірге 88 ауылдың жасы да, кәрісі де ішімдіктен үзілді-кесілді тыйылған. Одан гөрі қымыз-қымыран ішіп, таза ауада серуен құруды дұрыс көретін болған. Той-жиындарында ешкім ішімдік ішпейді. Ауылдарға сырттан арақ-шарап әкелмеуге және дүкендерде спирттік ішімдік сатпауға 88 ауылдың тұрғындары уағдаласқан. Мұндай ауылдар бір-біріне үлгі болып,саны жылдан-жылға біртіндеп көбейіп келе жатыр. Облыстың аумағында 800-ге жуық ауыл бар екен. Ішімдіктен бас тартқан елді мекендерде мұндай игі іске ауылдың естияр азаматтары мен ақсақалдары бастамашы болған. Арақ-шарап сатпауға дүкендердің иелері келісім білдірген. Сөйтіп елдің ауызбірлігінің арқасында соншама ауылда ішімдік ішілмейді. Ауылдардың кейбіріндегі дүкендерде қалған ішімдіктің бәрін тұрғындардың арасындағы жағдайы барлар сатып алған екен. Елді жинап, сол ішімдіктің бәрінің шишасын сындырып, ақсақалдар бұл ауылда енді ешқашан арақ ішілмейді деп жариялапты. Облыста «Ішімдіксіз ауыл» деген мәртебеге ие болған ауылдардың абыройы да артып жатыр. Ондай ауылдарда қылмыс жоқ, ұрлық жоқ, отбасыларда ұрыс-жанжал жоқ.
Еліміздің өзге аймақтарында да осындай үрдіс жақсы жүріп жатыр. Биылғы сәуір айындағы есепте Шығыс Қазақсан облысында ішімдіктен бас тартақан ауылдардың саны 26 екені көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдары «Шығыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Сергек ауыл» бастамасы аясында ішімдік сатудан толық бас тартқан елді мекендердің қатары көбейіп келеді» деп жазды. Көбінесе ақсақалдар бастамашы болады. Ал, мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылдық округіне қарасты Бозша ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартуына бастамашы болғандар ауылдың жастары екен. Оларды ақсақалдар мен тұрғындар қолдаған. Ішімдіктен бас тартқан ауылдардың тұрғындары белсенді, сергек әрі салауатты өмір салтын ұстанады.
Сол сияқты, былтырғы есепте Жамбыл облысында 12 ауылдың тұрғындары арақ-шараптан бас тартқаны жайлы айтылған. Ол ауылдарда бұзақылық та, ұрлық та, қылмыс та жоқ.
Дүкендерінде арақ сатылмайтын, ал тұрғындары арақ ішпейтін ауылдар еліміздің өзге аймақтарында да көбейіп жатыр. Ондай ауылдардың бірнешеуі Алматы, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында да бар. Ол аймақтардың тұрғындары да ішкіліксіз ауылдарды көбейтеміз деген әрекетте жүр екен.
Авторы: Мадина Нұрлан