942

«Шашы жылқының жалындай»: Ресейлік блогердің қазақ қыздары туралы сөзі желіде дау туғызды

Қазақ қыздарының шашын жылқының жалына теңеген блогер сынға қалды.

«Шашы жылқының жалындай»: Ресейлік блогердің қазақ қыздары туралы сөзі желіде дау туғызды
tiktok.com/@dynh5mfel68s

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік TikTok блогерінің Алматыда жүрген кезінде қазақ қыздарының сырт келбеті мен шашына қатысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Блогер ұзын шашты жылқының жалына ұқсатып, өз ойын жеткізген. Бұл туралы NewTimes.kz ақпарат агенттігі жазды.

Видео астында қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Бір тарап блогердің сөзін орынсыз әрі қорлау ретінде бағалап, оны заң аясында жауапқа тартуды ұсынды.

Ал екінші тарап оның ешкімді әдейі кемсітуді көздемегенін айтып, блогердің қазақ қыздарының ұзын әрі қалың шашын мақтағысы келгенін алға тартты. Кейбірі сөзді дұрыс таңдай алмағанымен, жалпы контекстке қарау қажет екенін жазды.

Желі қолданушыларының бір бөлігі блогердің Алматы туралы жалпы пікірі оң болғанын атап өтті. Оның видеосында қала, ауа райы, жолдар, жергілікті тұрғындар мен қалалық инфрақұрылым жайлы жақсы пікірлер айтылғаны жазылды.

Тағы бір топ қолданушы жылқының қазақ мәдениетіндегі ерекше орнына назар аударды. Олардың пікірінше, блогер шашты жылқының жалына теңеу арқылы қалың әрі көркем шашты меңзеген болуы мүмкін және мұнда әдейі кемсіту ниеті болмауы ықтимал.

Осылайша, блогердің бір ауыз сөзі әлеуметтік желіде түрлі пікірге себеп болды. Бірі оны орынсыз салыстыру деп бағаласа, енді бірі сәтсіз таңдалған сөз ғана деп есептейді. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор