Астанада екі кран құлап, екі адам көз жұмды
Елордада екі мұнаралы кранның құлауынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада екі мұнаралы кранның құлауынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алды. Қайғылы оқиғалардан кейін елордадағы құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі.
Екі жағдай бойынша да арнайы тергеу жүріп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылыс алаңдарында жоспардан тыс тексерулер ұйымдастыру мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.
Министрліктің мәліметінше, қауіпсіздік талаптарын бұзған нысандар бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұған дейін тексеріліп, кемшіліктерді жою туралы нұсқама алған, бірақ кейін тағы да жазатайым оқиғаға жол берген компанияларға ерекше назар аударылмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, мұндай жағдайларды тек «адам факторымен» түсіндіру дұрыс емес. Тергеу кезінде жұмысшының тиісті даярлықтан өткені, жабдықтың жарамдылығы, жұмыс процесіне бақылаудың жүргізілуі және технологиялық талаптардың сақталуы тексерілуі керек.
«Адам факторының» артында көбіне басқару мәселесі тұратынын айтқан вице-министр құрылыс алаңындағы қауіпсіздікке ең алдымен компания басшылығы жауапты екенін атап өтті.
Қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзатын құрылыс компанияларына қатысты қатаң шаралар қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, олардың құрылыс жүргізуге берілген лицензиясын уақытша тоқтату немесе қайтарып алу мәселесі заң талаптарына сәйкес қаралады.
Қазір екі жазатайым оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр. Оқиғалардың барлық мән-жайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы анықталмақ.
Материал авторы