Екі алматылық көлік кілемшесінің астындағы сөмке үшін қамауға алынды
Полиция жедел іс-шара кезінде көліктің алдыңғы орындығының астынан оралған түйіншек тауып, оның құрамынан мефедрон анықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда полиция психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен екі ер адамды ұстады. Көлікті тінту кезінде 392 грамм мефедрон тәркіленген. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Полиция Наурызбай ауданында жедел-іздестіру шаралары барысында Jetour көлігін тоқтатқан. Шұғыл тінту кезінде алдыңғы жолаушы орындығының астынан қара түсті барсетка табылған. Оның ішінен оқшаулағыш таспамен оралған, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат шыққан.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың мефедрон екені анықталып, жалпы салмағы 392 грамм болған.
Психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Алматының 23 және 46 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Сот олардың екеуін де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, күдіктілер психотропты заттарды Жетісу облысының аумағында жасырын орындарға жасыру арқылы таратқан болуы мүмкін.
Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, заңсыз айналымға қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды іздестіруде.
Материал авторы