471

Үкімет құрамында өзгеріс: Төрт шенеунік премьер-министрдің орынбасары боп тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Үкіметтегі бірқатар жоғары лауазымға жаңа басшылар тағайындалды.

Үкімет құрамында өзгеріс: Төрт шенеунік премьер-министрдің орынбасары боп тағайындалды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Үкіметінде бірқатар жоғары лауазымға жаңа басшылар тағайындалды. Мемлекет басшысының жарлығымен Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі, Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, ал Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды. 

Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында туған. Ол Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті мен Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Әр жылдары Қызылорда қаласы мен облысының әкімі, Премьер-министр Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2022 жылдан бері Қызылорда облысының әкімі болды.

Серік Жұманғарин 1969 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Экономика және мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Ұлттық экономика министрлігінде вице-министр, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы қызметтерін атқарды. 2022 жылдан бері Үкімет құрамында вице-премьер ретінде жұмыс істеп келеді.

Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университеті мен Массачусетс технологиялық институтын бітірген. Бұған дейін Президент Әкімшілігінде, Ұлттық банкте және бірқатар ірі ұлттық компанияларда қызмет атқарған. 2024 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалған. 2025 жылдан бері Үкімет басшысының орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметін атқарып келеді.

Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматыда дүниеге келген. Еңбек жолын экономика саласында бастап, кейін мемлекеттік органдар мен энергетикалық компанияларда басшылық қызметтер атқарған. Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімі, Энергетика министрі, Президент көмекшісі әрі кеңесшісі болды. 2024 жылдан бері Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарып келеді.

Олардың кандидатуралары бұған дейін Құрылтайдың тиісті комитеттерінде қаралып, Үкіметтегі жоғары лауазымдарға ұсынуға келісім берілген.

Материал авторы