101

3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеттің күні

Бүгін еліміз алғаш рет Қазақ тазысы мен төбет күнін атап өтеді.

3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеттің күні
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 3 қыркүйекте Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеттің күні аталып өтеді. Ұлттық ит тұқымдарына арналған бұл мереке 2026 жылы атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, тазы – қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлі өмір салтының ажырамас бөлігі. Ол ғасырлар бойы Ұлы даладағы адамның серігі болып, халықтың табиғатқа деген құрметі мен ұлттық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тазысы мен төбетін сақтауға, дамытуға және халықаралық деңгейде танытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілген.

Атап айтқанда, қазақтың ұлттық ит тұқымдарын сақтау және көбейту мәселелерін реттейтін заң қабылданды. Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының толыққанды мүшесі атанды. 2024 жылы тазы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан оның шыққан елі ретінде ресми бекітілді.

Қазір қазақ тазылары халықаралық ірі көрмелерге қатысып, ел намысын лайықты қорғап жүр. Сонымен қатар асыл тұқымды иттерді көбейту базасы кеңейіп, тазы өсіруге қызығушылық танытушылар саны артып келеді.

Қазақтың ұлттық ит тұқымдарына арналған Ұлттық орталықтың құрылысы да аяқталуға жақын.

Айбек Смадияровтың атап өтуінше, тарихи мұраға құрмет, ұлттық дәстүрді сақтау және табиғатқа ұқыпты қарау Қазақстанның конституциялық құндылықтарының қатарында. Қазақ тазысы мен төбетінің күнін белгілеу ұлттық ит тұқымдарын кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ. 

Материал авторы