Алматыда үш ер адам жүріп бара жатқан локомотивке секірмек болған
Ер адамдар локомотивтің тұтқасынан ұсталып қана қоймай, машинист кабинасына бөгде заттар да лақтырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда үш ер адам қозғалыстағы локомотивке секіріп мінуге әрекет жасаған. Қауіпсіздікке төнген қатерге байланысты машинист шұғыл тежегішті басып, пойызды тоқтатуға мәжбүр болған.
Оқиға 2 қыркүйекте Алматы-1 станциясында болған. Көлік полициясының қызметкерлері теміржолдағы тәртіп ережесін өрескел бұзған үш азаматты ұстады.
Алматы–Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы қозғала бастаған кезде ер адамдар локомотивтің баспалдағына секіріп мінуге тырысқан. Олар тұтқадан ұсталып, қозғалыстағы пойызға ілескен. Бұдан бөлек, машинист кабинасына бөгде заттар лақтырған.
Қауіпсіздікке қатер төнгендіктен, машинист шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Соның салдарынан пойыз жоспардан тыс екі минутқа тоқтаған.
Ұсталған азаматтар полиция бөлмесіне жеткізілді. Тексеру барысында олардың Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары екені, жастары 32-35 аралығында екені анықталды.
Ер адамдарға алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйде келу, сондай-ақ теміржол көлігі нысандарындағы жүріп-тұру ережелерін бұзу фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Көлік полициясы теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін ескертіп, мұндай әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
Материал авторы