Шемонаихада аурухана құрылысы кезінде адам сүйектері табылды
Сараптама адам сүйектерінің тарихи құндылығы жоқ екенін және қылмыстық сипаттағы белгі анықталмағанын көрсетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында жаңа инфекциялық аурухана салынатын аумақта жер қазу жұмыстары кезінде адам сүйектері табылды. Сараптамалардан кейін олар жергілікті православ зиратына қайта жерленді. Бұл туралы Astana TV жазды.
Оқиға 2026 жылдың сәуірінде болған. Құрылысшылар жаңа медициналық нысанның іргетасына арналған шұңқыр қазу кезінде адам сүйектеріне тап болған. Табылған қалдықтардың барлығы сараптамаға жіберілді.
Зерттеу нәтижесінде олардың өлімінде қылмыстық сипаттағы белгілер анықталмаған. Сондай-ақ мамандар сүйектердің тарихи құндылығы жоқ екенін анықтап, қайта жерлеуге рұқсат берген.
Шемонаиха әкімі Мұрат Желдібаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде топырақтың бір бөлігі жергілікті православ зиратына шығарылып, сол жерде арнайы оба жасалған. Табылған сүйектер де осы аумаққа қайта жерленіп, жерленген жерге естелік тас орнатылмақ.
Кейін бұл аумақтың бұрын зират болғаны анықталған. Тарихи деректерге сәйкес, қазіргі құрылыс жүріп жатқан жерде бірнеше жыл бұрын зират орналасқан. Уақыт өте келе қала аумағы кеңейіп, бұл жерде инфекциялық аурухана салынған. Кейін ескі ғимарат бұзылып, оның орнына жаңа медициналық нысан тұрғызу басталған.
Мамандар табылған адам қалдықтарының инфекциялық қауіп төндірмейтінін де растады.
Әкімдік мәліметінше, маусым айында Шемонаихада басқа нысанның құрылысы кезінде де адам сүйектері табылған. Олардың барлығы қолданыстағы зиратқа белгіленген талаптарға сәйкес қайта жерленген.
Материал авторы