Көкшетауда әкесі мен қызы есірткі қылмысы үшін сотталды
20 жастағы қыз бен оның әкесі синтетикалық есірткі таратқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда әкесі мен қызы синтетикалық есірткіні заңсыз сатып алып, сақтап және таратқаны үшін сотталды.
Тергеу мәліметінше, сәуір айында Көкшетаудың 20 жастағы тұрғыны аса ірі көлемде психотроптық затты заңсыз сатып алған. Осыдан кейін көп ұзамай ол есірткі қылмысына қарсы полиция қызметкерлерінің назарына іліккен.
Тергеу барысында қыздың әкесі де заңсыз іске араласқаны анықталған. Ресми жұмысы болмаған ер адам әлеуметтік желіден ақша табу туралы хабарландыру тауып, есірткі салынған жасырын орындарға жеткізуші болуға келіскен.
Ер адамның бұл әрекеті полиция операциясы кезінде тоқтатылды. Ол қылмыс үстінде ұсталып, одан синтетикалық есірткі салынған 30 бума тәркіленді.
Сот екі қылмыстық істі қарап, әкесі мен қызын кінәлі деп таныды. Шілде айында алты күн аралықпен оларға қатысты айыптау үкімдері шығарылған.
20 жастағы қызға бастапқыда төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылық туралы заң қолданылып, оның жазасы екі жыл сегіз айға дейін қысқартылды.
Ал әкесіне сот бес жыл төрт ай бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Сонымен қатар ер адамның жесір екені және кәмелетке толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны ескеріліп, сот жазаны орындауды үш жылға кейінге қалдырды.
Материал авторы