411

Щучинскідегі 12 адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты сот үкімі шықты

Сот алдында кафе жалға алушысы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізуші жауап берді.

Щучинскідегі 12 адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты сот үкімі шықты
instagram.com/shchuchinsk.city

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,  Щучинскіде 12 адамның өмірін қиған «Центр плова Loft» кафесіндегі жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Бурабай аудандық соты іс бойынша үш айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Сот алдында кафе жалға алушысы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізуші жауап берді.

Кафе жалға алушысы ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни екіден көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Автогаз құю станциясының директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі — қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда адамның өліміне әкеп соғу бабы бойынша 7 жылға сотталды.

Ал газ жеткізуші осы бап бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Оқиға 2026 жылғы 26 ақпанда Щучинскідегі бір қабатты «Центр плова Loft» кафесінде болған. Ғимаратта жойқын жарылыс болып, кейін өрт шықты. Алғашқы мәлімет бойынша, алты адам қаза тауып, 20 адам зардап шеккен.

Жарылыс сәті бейнежазбаға түсіп қалған. Трагедиядан кейін кафе директоры ұсталып, кейін мекеме иесі екі айға қамауға алынған.

Кейін қаза тапқандар саны арта түсті. 18 сәуірге қарай жарылыс пен өрттен көз жұмғандар саны 12 адамға жеткені белгілі болды.

Маусым айында Ақмола облысының арнайы прокурорлары қылмыстық іс бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады. Осыдан кейін іс сотқа жолданды.

Сот барысында айыпталушылар марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Алайда олар 12 адамның өліміне қатысты өз кінәларын мойындамады. Қыркүйек айының басында үш сотталушы соңғы сөзін айтты. 

Материал авторы