Қарағандыда саяжай қоғамының төрағасы мен белсенді әйелді атып кеткен
«Оптимист» саяжай қоғамының аумағындағы үйден оқ жарақатын алған 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің мәйіті табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда саяжай қоғамының төрағасы мен жергілікті қоғам белсендісі қарудан атылған оқтан қаза тапты. Қылмысқа күдікті 56 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Оқиға 6 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан ауданындағы «Оптимист» саяжай қоғамының аумағында болған. Үйдің ішінен 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Екеуінің де денесінде оқ жарақаты болған.
Полицияның мәліметінше, қаза болған ер адам саяжай қоғамының төрағасы әрі заңгер болып жұмыс істеген. Ал әйел жергілікті қоғам белсендісі болған.
Құқық қорғау органдары күдіктіні қылмыс ізін суытпай ұстаған. Ол – 56 жастағы Қарағанды тұрғыны. Полицияның хабарлауынша, ер адам тергеу барысында кінәсін мойындаған.
«Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындаған», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қанды қылмыстың барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға бермек.
Материал авторы