205

«Соншалықты ақымақ болған екенмін»: Нұртас Адамбай бұрынғы радикалды сөздерін еске алып, жылап жіберді

Шоумен өзін ислам дінінің маманы санамайтынын айтып, бұрынғы пікірлерін жұрт қате түсіне ме деп қорқатынын жеткізді.

«Соншалықты ақымақ болған екенмін»: Нұртас Адамбай бұрынғы радикалды сөздерін еске алып, жылап жіберді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актер, продюсер әрі блогер Нұртас Адамбай бұрынғы қатаң пікірлерінің қате болғанын мойындап, сол сөздері үшін кешірім сұрады. Сұхбат кезінде ол өткендегі көзқарастарын еске алып, көзіне жас алды. Адамбай бұл туралы Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында айтты.

Актер бұрын жұртты футбол ойнамауға және матч көрмеуге шақырғанын еске алды. Оның айтуынша, сол кезде өзгенің немен айналысуы керегін айтуға құқығы бар деп қате ойлаған.

«Мен ол кезде қателескенімді мойындаймын. Футбол ойнаудың, оны көрудің қажеті жоқ дегенім – менің ақымақтығым болды. Сол кезде соншалықты ақымақ болғаным сонша, біреуге немен айналысу керегін, немен айналыспау керегін айтуға құқығым бар деп ойладым», – деді ол.

Өткендегі пікірлері туралы айтқан Адамбай эмоциясын жасыра алмай, жылап жіберді. Ол өз сөздерінің кесірінен кей адамдардың дінге теріс көзқарасы қалыптасуы мүмкін екенін айтып, бұдан қорқатынын жеткізді.

«Мүмкін, біреу менің кесірімнен дін туралы теріс ой қалыптастырған шығар. Мұны айтып отырған кезде, шынымен де, осындай жағдай болған шығар деген қорқыныш бар. Менің кесірімнен біреудің дін туралы теріс түсінік алғанын қаламаймын», – деді актер.

Адамбай сұхбат алдында да қатты алаңдағанын жасырмады. Ол өзін ислам дінінің маманы санамайтынын айтып, дін туралы тағы да қате пікір айтып, адамдардың оны бұрмалап түсінуінен қорқатынын жеткізді.

«Дін туралы дұрыс айтпай, сөзім арқылы біреудің оны қате қабылдауынан қорқамын. Мен ислам бойынша маман емеспін. Мен – өз жолын іздеп жүрген, өзіне бір нәрсе тапқан және соған сенгісі келетін адаммын», – деді ол көзіне жас алып.

Актер сондай-ақ өзінің танымал фильмдерінің түпнұсқаларын өшіріп тастағанын айтты. Оның сөзінше, қазір интернетте сол туындылардың пираттық ресурстарда жарияланған көшірмелері ғана бар.

Адамбай дәстүрлі кино түсіруге қайта оралуды жоспарламайтынын да мәлімдеді. Ол кино индустриясынан мансабының шарықтау шегінде кеткенін атап өтті.

Қазір Адамбай АҚШ-та тұрып, жасанды интеллект көмегімен қысқаметражды фильмдер түсірумен айналысады. Промпт жазу үшін Claude нейрожелісін қолданатынын айтты.

Шоумен АҚШ-тағы EB-1A визасына құжат тапсырып жатқанын және болашақта грин-карта алуды көздейтінін де жеткізді. Ол сұхбат барысында АҚШ туралы жылы пікір білдіріп, елді «берекелі мекен» деп атады.

Ал болашаққа қатысты жоспарын айтқан Адамбай көп балалы немерелерінің ортасында бақытты әрі мейірімді ата болуды армандайтынын айтты.  

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор