«Қазақстан, мен сені жақсы көремін!»: Энрике Иглесиас Алматыдағы концерттен кейін елге үн қатты
Әнші концерттен кейін қазақстандық жанкүйерлерімен жақын араласып, ерекше ықыласын көрсетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлемге әйгілі испаниялық әнші, композитор, продюсер әрі актер Энрике Иглесиас Алматыдағы концертінен кейін қазақстандықтарға алғысын білдірді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында концерттен кадрлар жариялап, елдегі әсерімен бөлісті.
Энрике Иглесиастың Алматыдағы концерті 5 қыркүйекте қаланың Орталық стадионында өтті. Кештен кейін әнші Instagram парақшасына концерт барысында түсірілген бейнематериалды жүктеді.
«Қазақстан! Мен сені жақсы көремін! Алматы, рақмет!» – деп жазды әнші жарияланымында.
Кейін Иглесиас жанкүйерлерімен кездескен сәттерін көрсететін тағы бір видео жариялады. Кадрларда әншінің сахнадан түсіп, көрермендердің арасына барғаны көрінеді. Ол жанкүйерлерімен қол алысып, кейбіріне қолтаңба беріп үлгерген.
Қазақстандық көрерменнің ықыласына риза болған өнер иесі екінші жазбасында да алғысын білдірді.
«Қазақстан, осындай жылы қарсы алғандарыңыз үшін тағы да рақмет. Сендер кереметсіңдер!» – деді Энрике Иглесиас.
Әншінің жарияланымдары қазақстандық жанкүйерлердің де назарынан тыс қалмады. Олар Иглесиасты елге қайта келуге шақырып, жылы лебіздерін жазды.
«Кез келген уақытта қайта келіңіз, сізді тағы да қуана қарсы аламыз», «Қазақстанға қайта оралуыңызды күтеміз», «Жанкүйерлеріңізге өте мейірімдісіз» деген мазмұндағы пікірлер жазылған.
Айта кетейік, Энрике Иглесиас Қазақстанға концерттік бағдарламамен келген болатын. Бұған дейін әнші Астанада өнер көрсетіп, елордалық көрермендерге де ерекше кеш сыйлаған. Ол Астанадағы концерттен кейін қазақстандық жанкүйерлеріне арнайы үндеу жолдаған.
Алматыдағы концерт барысында Иглесиастың қазақ тілінде сөйлеген сәттері де көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Материал авторы