Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатынан зардап шеккен жігіт 24 күннен кейін комадан шықты
Бұған дейін жағдайы аса ауыр болған азамат Тараздағы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында жатқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатынан зардап шеккен Нұржігіт 24 күннен кейін комадан шықты. Ол есін жиып, анасы, әйелі, балалары, ағалары мен әпкелерін таныған.
Бақытжан Базарбек бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, азаматтың есін жиып, жақындарын тани бастауы — көптен күткен қуанышты жаңалық.
Бұрынғы депутат Тараздағы дәрігерлерге кәсіби жұмысы үшін алғыс білдіріп, Нұржігіттің жағдайына алаңдап, дұға жасаған қазақстандықтарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ ол азаматтарды расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.
Еске салайық, 15 тамызда Жамбыл облысында 36 жастағы жаяу жүргінші жол апатына ұшыраған. Әлеуметтік желіде көлік тізгінінде Бақытжан Базарбек болуы мүмкін деген ақпарат тараған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін жолда көлік сиырмен соқтығысқан. Апаттан кейін бір топ ер адам жолда қалған малдың өлексесін алып тастауға әрекет жасаған. Сол сәтте олардың бірі жолдан өтіп бара жатқан Rav-4 көлігінің астына түскен. Көлікті Бақытжан Базарбек басқарғаны айтылған.
Жарақат алған азамат ауруханаға жеткізіліп, полиция қылмыстық іс қозғаған. Кейін Бақытжан Базарбек жол апатына қатысқанын растады. Алайда ол оқиғаға байланысты асығыс тұжырым жасамауға шақырды.
Денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін науқастың политравма мен травмалық шок салдарынан жағдайы аса ауыр екенін хабарлаған. Ол ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан.
Кейін Бақытжан Базарбек зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге түскен видеоны жариялады. Тамыз айының соңында Нұржігіт Құлан ауылындағы ауруханадан Тараздағы қалалық ауруханаға ауыстырылған.
Одан кейін де дәрігерлер оның жағдайы ауыр болып отырғанын айтқан еді. Енді 24 күннен кейін азаматтың комадан шығып, жақындарын тани бастағаны белгілі болды.
Материал авторы