Астанада жекеменшік балабақша тәрбиешісі балаға күш көрсетті деген күдікке ілінді
Үйіне қорқынышпен оралған екі бала енді балабақшаға барудан бас тартқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде төрт жастағы қызға қатысты дау шықты. Ата-ананың айтуынша, бүлдіршін тәрбиешінің әрекетінен жарақат алған. Қазір отбасы балабақша қызметкерін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы «Жетінші арна» жазды.
Баланың анасы Еркеназ Қошқынбайдың сөзінше, қызы өмірге небәрі 500 грамм салмақпен келген. Бүлдіршін алғашқы жылдары көз бен жүрекке бірнеше күрделі операция жасатқан.
Қыз бір жылға жуық уақыт бойы әпкесімен бірге жекеменшік балабақшаға барып жүрген. Алайда отбасы үш айлық үзілістен кейін балабақшаға қайта оралған соң, арада екі күн өткенде күтпеген жағдайға тап болған.
Анасының айтуынша, қызының беті ісіп, денесінде жарақат белгілері байқалған. Тәрбиеші бастапқыда жағдайды «мінезі сондай, ұрыстым ғана» деп түсіндіргенімен, кейін ата-ана баласына күш қолданылғанын білген.
— Үш ай үзіліс болды. Бірақ екінші күні баланы жарақаттап алды. Тәрбиеші мұны жасырған, «мінезі қиын, ұрыстым» деді. Кейін баланы ұрғаны белгілі болды. Полицияға хабарластық, олар «арызыңды қайтарып ал, мұнда аса қорқынышты ештеңе жоқ» деді, — деген анасының сөзін Azattyq Rýhy келтірді.
Оқиға туралы ата-анаға бес жастағы үлкен қызы айтып берген. Анасының сөзінше, жағдайдан кейін екі бала да қатты қорқып, түнде дұрыс ұйықтамай, балабақшаға қайта барудан бас тартқан. Әйел балаларын өзі қарау үшін жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Медициналық тексеру барысында бүлдіршіннің денесіндегі басқа да жарақаттар анықталған. Анасы оқиғадан кейін қызының денсаулығында қосымша мәселелер пайда болғанын айтып, психолог көмегіне жүгінуді жоспарлап отыр.
Астана полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау, оның ішінде оған қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — деді полиция өкілдері.
Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаға қатысты нақты құқықтық баға тек барлық дәлелдер зерттелгеннен кейін беріледі.
Материал авторы