Иран АҚШ әскери кемесінің маңында зымыран сынағы өткенін мәлімдеді
Тегеранның мәлімдеуінше, зымыран сынағынан кейін америкалық әскери кеме аймақтан шығып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ әскери эсминецінің маңында кемеге қарсы зымыран сынағын өткізгенін мәлімдеді. Тегеранның айтуынша, зымыран ұшырылғаннан кейін америкалық әскери кеме аталған аумақтан кетіп қалған.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи зымыран сынағы шамамен 48 сағат бұрын өткенін айтқан.
Оның сөзінше, сынақ америкалық эсминецке жақын аумақта жүргізілген. Резаи зымыран ұшырылғаннан кейін АҚШ әскери кемесінің ауданнан кеткенін мәлімдеді.
Иран тарапы бұл әрекетті АҚШ-тың ирандық танкерлерге жасаған соққысына жауап ретінде түсіндіріп отыр.
«Олар біздің екі кемемізге шабуыл жасады. Оның біреуі бос болатын, ал екеуінде мұнай болған. Біз оларға: “Міне, біздің күшіміз” дедік», – деді Мохсен Резаи.
Иран шенеунігінің мәлімдеуінше, зымыран сынағы арқылы Тегеран АҚШ-қа өзінің әскери мүмкіндігін көрсетуге ниетті болған.
Алайда жарияланған ақпаратта зымыранның нақты қай жерде ұшырылғаны, оның түрі мен сынақ кезінде АҚШ әскери кемесіне қандай да бір қауіп төнген-төнбегені туралы қосымша мәлімет айтылмаған.
Иранның мәлімдемесі аймақтағы әскери шиеленіс ушығып тұрған кезеңде жасалды.
Материал авторы