202

Астанада қыз бала марғауды жіпке байлап сүйреген: видео жұрттың ашуын туғызды

Жануардың жағдайына алаңдаған куәгердің жазбасы әлеуметтік желіде тарап, полиция бұл жағдайға назар аударды.

Астанада қыз бала марғауды жіпке байлап сүйреген: видео жұрттың ашуын туғызды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада кішкентай марғауды мойнына жіп байлап, көшеде сүйреп жүрген қыздың әрекеті видеоға түсіп қалды. Желіде тараған кадрлар жұрттың ашуын туғызып, полиция тексеру бастады.

Оқиға Қордай көшесінде болған. Куәгердің айтуынша, қыз жолдан өтіп бара жатқанда жануардың мойнына жіп байланғаны байқалған. Ол марғауды жетектеп қана қоймай, жіптен тартып, соңынан сүйреген.

Жануардың жағдайына алаңдаған куәгер болған жайтты видеоға түсіріп, ақпаратты құқық қорғау органдарына жеткізген.

Астана қаласының Полиция департаменті видеодағы қыздың жеке басын анықтау бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Бұл дерек бойынша қыздың жеке басын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесіне қарай оның әрекетіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деді полиция.

Оқиғаның өзге мән-жайлары әзірге белгісіз. Полиция тексеру қорытындысы бойынша нақты шешім қабылдайды.

Материал авторы