245

Билетсіз көрермендер Қырғызстандағы көкпар финалына басып кіріп, дүрбелең туғызды

Бішкектегі көкпар финалы басталмай жатып, стадион алдында адам қарасы көбейіп, кіреберісте жаппай итеріс болған.

Билетсіз көрермендер Қырғызстандағы көкпар финалына басып кіріп, дүрбелең туғызды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасындағы финал алдында стадионда жаппай итеріс болып, жағдай ушығып кетті. 

Әлеуметтік желіде тараған видеолардан стадионға билетсіз көрермендердің де кіріп кеткенін көруге болады. Шешуші кездесуге барлық билет сатылып кеткеніне қарамастан, стадион маңына ойын тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болған.

Куәгерлердің айтуынша, адам санының шамадан тыс көп болуына байланысты ұйымдастырушылар арена аумағына билетсіз жанкүйерлерді де кіргізген. Соның салдарынан стадионға кіреберісте адам нөпірі пайда болып, жағдай бақылаудан шыға жаздаған.

Көпшілік арасындағы итеріс кезінде волонтер қыздардың да қысылып қалғаны байқалады. Бұған қоса, билетті алдын ала сатып алған кей көрермендер өздеріне тиесілі орындарға отыра алмаған. Кейбірі тіпті трибунаға кіре алмай қалған.

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ұйымдастырушыларға сын көбейді. Жанкүйерлер билет сатып алған көрермендердің не себепті өз орындарына отыра алмағанын түсіндіруді талап етті.

Көкпардан финалдық кездесу Қырғызстан құрамасының жеңісімен аяқталды.

Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы 32 алтын медальмен бірінші орынға ие болды. 

Материал авторы