Tesla-ның жаңа жүйесі енді жүргізушінің орнына рөлге өзі отырып, апатты болдырмайды

Компанияның мәлімдеуінше, жаңартылған жүйе соқтығысу сөзсіз болатын жағдайда жүргізушінің әрекетіне қарамастан көлікті өзі басқара алады.

Tesla-ның жаңа жүйесі енді жүргізушінің орнына рөлге өзі отырып, апатты болдырмайды
Matteo Della Torre/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Tesla компаниясы Full Self-Driving (Supervised) жүйесінің жаңа нұсқасын таныстырды. Енді FSD жүйесі көлікті жүргізушінің өзі басқарып келе жатқан кездің өзінде апат қаупі төнсе, басқаруды уақытша өз қолына алып, соқтығысудың алдын алуға тырыса алады.  

Компанияның мәліметінше, Full Self-Driving (Supervised) v14.3.9 жүйесі соқтығысу қаупі сөзсіз болған жағдайда, автоматты шұғыл тежеу жүйесі (AEB) апаттың алдын алуға жеткіліксіз болса, өздігінен іске қосыла алады.

Tesla бұған қоса жүйе жүргізушінің назарын жолдан аударғанын немесе FSD функциясын байқаусызда өшіріп алғанын анықтаса да, көлік басқаруын өз қолына алуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Алайда компания жаңа функцияны жүргізушінің толықтай өшіре алатынын әзірге нақтылаған жоқ. Бұл жағдай Tesla көлік иелерінің бір бөлігін алаңдатып отыр. Себебі FSD жүйесінің бұған дейін де қауіпті жағдайларға тап болған кездері тіркелген.

Бұған дейін америкалық БАҚ Tesla көліктерінің FSD қосулы күйде тасжолдың жүріс жолағында тоқтап қалған бірнеше жағдайын жазған. Кейбір оқиғалар адам өлімімен аяқталған.

Тамыз айында Tesla Model 3 көлігі I-4 мемлекетаралық тасжолының жолағында тоқтап қалған. Кейін көлікке жүк көлігі соғылып, 43 жастағы Tesla жүргізушісі қаза тапқан. Тағы бір жағдайда Аризона штатындағы Финикс маңындағы Loop 202 тасжолында Model 3 көлігі жолда тоқтап қалған. Оның артынан Ford F-350 пикабы келіп соғылып, Tesla иесі көз жұмған.

Екі жағдайда да көліктерде FSD жүйесі іске қосулы болған. Сонымен бірге аталған машиналардың екеуі де 2020 жылы шығарылған Model 3 болған.

Сол айда Tesla көлігінің жүргізушісі Full Self-Driving жүйесінің соңғы нұсқасымен келе жатып, теміржол өткелінде болған қауіпті жағдайды видеорегистраторға түсірген. Кадрларда көлік пойыз жолдан өтіп бара жатқан сәтте тоқтай алмай, онымен соқтығысуға шақ қалғаны көрінеді.

Бұл көлікте Tesla шығарған ең жаңа жинақтардың бірі саналатын FSD v14.3.7 нұсқасы жұмыс істеген.

Осы оқиғалар аясында Tesla-ның FSD жүйесіне басқаруды жүргізушіден өздігінен қабылдау мүмкіндігін қосуы қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікірталасты қайта күшейтіп отыр. Компания жаңа функцияны апаттың алдын алуға арналған қорғаныс механизмі ретінде таныстырғанымен, оның нақты жағдайда қалай жұмыс істейтіні және жүргізушінің бақылауы қаншалықты сақталатыны әзірге толық түсіндірілген жоқ. 

Материал авторы