Басында іш киім, үстінде белдемше: Өскемен полициясы видеоға түскен ер адам туралы мәлімдеді
ШҚО полициясы ер адамның кім екенін анықтап, оны бөлімшеге жеткізгеннен кейін профилактикалық әңгіме жүргізген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде тұрғын үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасына басына іш киім киіп, белдемше мен колготкимен жүрген ер адам түсіп қалған. Полиция оның жеке басын анықтап, оқиғаға құқықтық баға берген. Бұл туралы Halyqstan Telegram-арнасы жазды.
Оқиға Сәтбаев көшесіндегі №52 үйде болған. Түнгі уақытта баспалдақ алаңында әйелдер киімін киген ер адам байқалған. Оның басында іш киім болған. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып, қолданушылар арасында талқыланды.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында ер адамның кім екені анықталған. Ол Өскемен қалалық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, онымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Ер адам үш күн бойы алкогольдік масаң күйде болғанын және әйелдер киімін қалай кигенін өзі де түсінбейтінін айтқан. Сондай-ақ мұндай жағдайдың өмірінде алғаш рет болғанын, істеген әрекетіне ұялатынын жеткізген.
Полиция мәліметінше, ол белдемше, колготки мен іш киімді жұмыста жүрген сүйіктісінен алған.
«Ер адамның әрекетіне тиісті құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды», – деп хабарлады ведомство.
Полицияның хабарлауынша, 29 жастағы ер адам басқа облыстан келген, жұмыс істейді және есепте тұрмайды.
Сонымен қатар ведомство тұрғындар үйдің кіреберісіндегі балалар арбасынан тауып алған пайдаланылған шприцтерге ер адамның қатысы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарды.
Материал авторы