459

Air Astana ұшағында 450 доллар жоғалды: жолаушы ұрлық туралы мәлімдеді

Әйелдің сөзінше, ақша мен банк картасы рюкзактың ішіндегі әмиянда сақталған және ұшаққа мінер алдында орнында болған.

Air Astana ұшағында 450 доллар жоғалды: жолаушы ұрлық туралы мәлімдеді
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдан Ыстанбұлға ұшқан Air Astana жолаушысы қол жүгіндегі рюкзактан 450 доллар мен банк картасы жоғалғанын мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, ақша мен карта әмиянда сақталған, ал ол ұшаққа мінер алдында бәрі орнында болған.

Жолаушы оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялаған. Оның сөзінше, әмиян рюкзактың ішіне тереңірек салынған. Әйел ақшаның ұшу кезінде жоғалуы мүмкін екенін болжаған. Оның пікірінше, жолаушылар фильм көріп, айналасында не болып жатқанын байқамаған сәтті біреу пайдалануы ықтимал.

«Мен есеңгіреп қалдым. 102 нөміріне хабарластым, Air Astana қолдау қызметіне де жүгіндім. Енді кімді іздеу керегін мүлде түсінбеймін», – деп жазған қазақстандық әйел.

Air Astana компаниясы болған жағдайға өкініш білдіріп, ықтимал ұрлықты тергеу құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын түсіндірді.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, жолаушы оқиғаға қатысты арызбен құқық қорғау органдарына жүгінуі керек. Олар іске қатысы бар адамдарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту және келтірілген шығынды өтеу мәселесін қарастырады.

Авиакомпания мұндай қылмыстарды тергеуге өкілеттігі жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ компанияның түсіндіруінше, егер оқиға Қазақстан аумағынан тыс жерде болса, қылмыс жасалған орынды анықтау мүмкін болмаса немесе құқық бұзушылық бірнеше жерде жасалса, іс тергеу аяқталған жердегі сотта қаралады.

Оқиғаның нақты мән-жайы, ақшаның қалай жоғалғаны және оған кімнің қатысы болуы мүмкін екені әзірге белгісіз. Мұны құқық қорғау органдары анықтауы тиіс.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор