Жамбыл облысында балық аулап жүрген жасөспірім көлге батып кете жаздады
Балық аулау кезінде көлге құлаған 16 жастағы жасөспірім тасқа ілініп, өздігінен жағаға шыға алмай қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында балық аулап жүріп көлге құлаған 16 жастағы жасөспірім суға батып кете жаздады. Жағаға өздігінен шыға алмай қалған баланы екі патрульдік полиция қызметкері суға түсіп құтқарды. Жасөспірім дәрігерлерге тапсырылды, қазір жағдайы жақсы.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама «102» арнасына түскен. Тараз қаласының тұрғыны көлде жасөспірімнің батып бара жатқанын айтып, шұғыл көмек қажет екенін хабарлаған. Осыдан кейін оқиға орнына патрульдік полиция экипажы жіберілген.
Оқиға орнына жеткен полицейлер баланың балық аулап жүріп абайсызда суға құлағанын анықтаған. Көлге түскен жасөспірім тасқа ілініп қалып, өз күшімен жағаға шыға алмаған.
Жағдайды бағамдаған полицияның аға лейтенанты Маханбет Шаянбаев пен лейтенант Қасымхан Қалаубек уақыт жоғалтпай суға секіріп, баланы аман алып шыққан.
«Құтқарылған жасөспірім облыс орталығының 16 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны құтқарғаннан кейін жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды. Қазіргі уақытта жағдайы жақсы», – деп хабарлады полиция департаменті.
Жасөспірімнің ата-анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрі батыл әрекеті үшін алғыс айтып, ұлдарының өмірін сақтап қалғанына ризашылығын білдірді.
Материал авторы