Трамп Нетаньяхуды «үздік премьер-министр әрі нағыз жауынгер» деп атады
АҚШ президенті Нетаньяхуды қысымға төтеп берген мықты көшбасшы деп сипаттап, Израиль үшін көп іс атқарғанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Израильде 27 қазанда өтетін парламенттік сайлау қарсаңында премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды ашық қолдады. Ол Израиль үкіметінің басшысын үздік көшбасшы әрі нағыз жауынгер деп атап, оның ел премьер-министрі қызметінде қалуын қалайтынын мәлімдеді.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Израиль халқына арнап жазба жариялаған. Онда ол Нетаньяхудың Иранға қарсы күресті басқарып, бейбітшілікке қол жеткізу жолында маңызды серіктес болғанын атап өтті.
АҚШ президенті Иранның ондаған жыл бойы Израиль мен Америкаға қарсы ұрандар айтып келе жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, мұндай қоқан-лоққылар жауапсыз қалса, түптің түбінде шынайы қауіпке айналуы мүмкін. Трамп Иранның әскери және қаржылық әлеуетіне жүйелі түрде нұқсан келтірілгенін айтып, Тегеран жақын арада саясатын өзгертпесе, Вашингтон бастаған ісін соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Трамп Израильдің басында Нетаньяхудан басқа саясаткер тұрса, бұл міндетті АҚШ өз күшімен атқаруға мәжбүр болатынын айтты. Президент мұндай жағдайды қаламайтынын да жасырмады.
Трамп Нетаньяхуды Израильдің өз ішіндегі қарсылықты қоса алғанда, зор қысымға қарамастан мойымаған мықты әрі батыл көшбасшы ретінде сипаттады. Оның айтуынша, ол ең қиын кезеңдердің өзінде берілмей, керісінше, шыңдала түскен.
«Америка Құрама Штаттары Израильдің осындай серіктес болғанын қалайды. Біз бұл ел үшін көп іс атқардық. Осы үндеуім арқылы Биньямин Нетаньяхудың Израиль премьер-министрі лауазымына қайта сайлану науқанына толық әрі ешбір шартсыз қолдау білдіремін. Биби Нетаньяху сіздердің сенімдеріңізді ешқашан ақтамай қалмайды», – деп жазды Трамп.
Anadolu агенттігінің мәліметінше, Израильдегі парламенттік сайлау 27 қазанда өтеді.
Айта кетейік, Биньямин Нетаньяху 2022 жылғы 1 қарашада өткен парламенттік сайлауда жеңіске жеткен. Ал 2021 жылғы маусымда ол 12 жыл атқарған премьер-министр қызметінен кеткен болатын.
Материал авторы