Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарында үшінші алтын медалін жеңіп алды
Қазақстан құрамасына үшінші алтын медальді парадзюдошы Ибрагим Нұрмаханұлы әкеліп, финалда Өзбекстан спортшысын жеңді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарында үшінші алтын медалін жеңіп алды. Бұл жолы парадзюдодан Ибрагим Нұрмаханұлы топ жарып, жарыс чемпионы атанды.
Қазақстандық спортшы J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Финалдық белдесуде ол Өзбекстан өкілі Кемран Нуриллаевтан басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Бұған дейін Қазақстан қоржынына алтын медальдарды парапауэрлифтинг шебері Давид Дегтярев пен оқ атудан Еркін Ғаббасов салған еді.
Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақта 191 келіні көтеріп, жеңіске жетті. Сонымен қатар ол Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал Еркін Ғаббасов R1 санатында 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде үздік нәтиже көрсетті.
Қазақстандық спортшылар парапауэрлифтингтен күміс және қола медальдарға да қол жеткізді. 45 келіге дейінгі салмақта Алина Солодухина 103 келіні көтеріп, күміс жүлдегер атанды. Осы салмақта Айжан Берімқұлова 101 келі нәтижемен қола медаль иеленді.
Тағы бір күміс медальді Тұрсынай Қабыл жеңіп алды. Ол 41 келіге дейінгі салмақта екінші орынға тұрақтады. Спортшы үш мүмкіндігінің үшеуін де сәтті пайдаланып, соңғы талпынысында 104 келіні көтерді.
Материал авторы