Ақтауда ескерту жасаған ер адамға пышақ сұғып алған тұрғын сотталды
Тіскебасар үшін шыққан жанжал ауыр қылмыспен аяқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда дәмханадағы жанжал ауыр қылмыспен аяқталды. Айыпталушы басқа адамның үстелінен рұқсатсыз тіскебасар алып, ішімдікті төгіп жібергені үшін туындаған дауда оған асүй пышағымен соққы жасаған.
Оқиға 2026 жылғы 4 шілдеге қараған түні Ақтаудың 12-шағынауданындағы дәмханалардың бірінде болған. Ақтау қалалық сотының анықтауынша, айыпталушы Е. алкоголь ішіп отырып, жәбірленуші А.-ның үстелінен рұқсатсыз тіскебасар алған және ішімдікті төгіп жіберген. Осыдан кейін ол дәмханадан шығып кеткен.
Жәбірленуші оның әрекетінің себебін анықтау үшін сыртқа шыққан. Екеуінің арасында жанжал туындап, айыпталушы бұзақылық ниетпен ер адамның шап тұсына асүй пышағымен соққы жасаған. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Сондай-ақ бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды өтінген. Жәбірленуші де оны кешіргенін және ешқандай талабы жоқ екенін айтып, соттан ер адамды түрмеге жібермеуді сұраған.
«Айыпталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, бейнежазбамен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – деп хабарлады сот.
Нәтижесінде сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы