771

«Той болады»: Жавохир Синдаровтың отбасы Бибісара Асаубаева туралы айтты

Өзбекстандық гроссмейстердің атасы екі кәсіби шахматшының отбасын құруы олардың спорттық мансабына да қолайлы болуы мүмкін деп есептейді.

«Той болады»: Жавохир Синдаровтың отбасы Бибісара Асаубаева туралы айтты
instagram.com/bibisarachess

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың атасы, Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары Комил Синдаров немересінің қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаевамен ықтимал үйлену тойына қатысты пікір білдірді. Ол жастардың отбасын құруына батасын беруге дайын екенін айтып, бұл некеден үлкен үміт күтетінін жеткізді.

«Қароргоҳ» подкастында сөйлеген Комил Синдаровтың айтуынша, Жавохир мен Бибісара бала кезінен таныс. Олар көптеген жарыста бірге қатысып, уақыт өте келе достық қарым-қатынасы романтикалық сезімге ұласқан. Бастапқыда отбасы мұны жастық шақтағы өткінші қызығушылық деп қабылдағанымен, кейін көзқарасы өзгерген.

Синдаров жастардың бас қосуына қарсы емес екенін, керісінше, олардың отбасын құруына батасын беруге әзір екенін мәлімдеді.

Оның пікірінше, екі кәсіби шахматшының шаңырақ көтеруі спорттық мансап тұрғысынан да тиімді болуы мүмкін. Жавохир жылдың басым бөлігін халықаралық турнирлерде өткізетіндіктен, болашақ жары оның өмір салты мен жарыс кестесінің ерекшеліктерін түсінуі маңызды. Ал Бибісараның өзі кәсіби шахматшы болғандықтан, жиі сапарға шығу мен жарыстарға қатысудың қандай екенін жақсы біледі.

Комил Синдаров ықтимал некеден үлкен үміт күтетінін де жасырмады. Оның арманы – екі мықты гроссмейстердің отбасында болашақта жаңа буын талантты шахматшылардың өсіп шығуы. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Өзбекстан өкілдерінің одағы екі елді және олардың шахмат қауымдастықтарын жақындастыра түседі деп санайды.

«Үйлену тойы болады, біз бұл некеден көп үміт күтеміз», – деді ол.

Алайда тойдың нақты күні әзірге жарияланған жоқ. Комил Синдаровтың сөзінше, қазір немересі үшін басты міндет – әлем чемпионы атағы үшін өтетін матчқа дайындалу.

Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) мәліметінше, 20 жастағы Жавохир Синдаров қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджумен кездеседі. Матч Женевада 2026 жылғы 22 қараша мен 12 желтоқсан аралығында өтеді. Алғашқы партия 24 қарашаға жоспарланған. Синдаров бұл мүмкіндікке 2026 жылғы үміткерлер турнирінде жеңіске жету арқылы қол жеткізді.

Бибісара Асаубаева да әлемдік шахматтағы жетекші спортшылардың бірі. Ол 2021, 2022 және 2025 жылдары блиц бойынша әлем чемпионы атанған.

Бибісараның жетістіктері мен қаржыландыру мәселесі

Бұған дейін қазақстандық шахматшы халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыруда қиындықтар туындағанын айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген болатын.

Асаубаеваның мәлімдеуінше, беделді Norway Chess турнирінің алдындағы оқу-жаттығу жиындарының шығынын өз қаражаты мен ата-анасының көмегі есебінен өтеген. Оның айтуынша, спорт құрылымдары тарапынан төленетін қаражат та қысқарған.

Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі төлемдердің азаюын заңнамадағы өзгерістермен түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдан бастап спортшыларды қаржыландыру басым спорт түрлерінің тізімі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Ал шахмат бұл тізімге енбеген.

Сонымен бірге министрлік Sport Qory қоры арқылы Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындығына 100 миллион теңге бөлінгенін хабарлаған. Ведомствоның дерегінше, биыл мемлекет пен спорт ұйымдары тарапынан көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі шамамен 160 миллион теңгені құраған.

Шахматшылардың қарым-қатынасына қатысты әңгімелер Асаубаеваның Norway Chess турниріндегі жеңісінен кейін де күшейе түсті. Қазақстандық спортшы жарыс тарихындағы ең жас чемпион атанды.

Турнирден соң ол Монакоға барып, «Формула-1» Гран-приін VIP-қонақ ретінде тамашалаған. Оған өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров серік болған. Бұған дейін де екі шахматшының бірге түскен суреттері әлеуметтік желілерде талқыланған еді.

Ал Синдаровтың туыстары бұған дейін жастарды ұзақ жылдан бері таныс, дос адамдар ретінде сипаттаған. Енді гроссмейстердің атасы олардың болашақта отбасын құруына қарсы емес екенін ашық білдіріп отыр. Дегенмен үйлену тойының қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор