657

Париждегі студенттер наразылығы: Лувр музейі келушілер үшін жабылды

Франция астанасында студенттердің наразылық акциясына байланысты әлемге әйгілі музей келушілерді қабылдауды уақытша тоқтатты.

Париждегі студенттер наразылығы: Лувр музейі келушілер үшін жабылды
REUTERS/Kevin Coombs/File Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция астанасы Парижде студенттердің наразылық акциясына байланысты әлемге әйгілі Лувр музейі келушілер үшін жабылды. Наразылық білдірушілер музейдің кіреберісін бөгеп, туристердің ішке кіруіне кедергі келтірген.

Лувр музейінің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында мекеменің уақытша жұмыс істемейтіні туралы хабарлама жарияланды.

«Құрметті келушілер, студенттердің ереуіліне байланысты музей қазір жабық. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», – делінген хабарламада.

Француз журналисі Люк Оффре де әлеуметтік желіде Париж көшелерінде түсірілген видеоны жариялады. Оның айтуынша, студенттер 19 қазан күні таңертең музейдің кіреберісін бұғаттаған.

Журналистің жазуынша, Луврға кіре алмаған туристер наразылық білдіріп, музейге кіруге рұқсат беруді талап еткен.

Айта кетейік, қыркүйек айының соңында Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылық акциялары басталған. Парижде ірі демонстрация қарсаңында да стихиялық шерулер өтіп, олардың бірі полициямен қақтығысқа ұласқан. Сол кезде құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ қолданған.

Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа арнап видеоүндеу жариялаған. Сондай-ақ елде өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылықтарға қатысқан екі мыңнан астам адам ұсталғаны хабарланған. Наразылықтар мен тәртіпсіздіктердің салдарына қатысты кәсіпкерлер мен қала әкімдері де пікір білдірген. 

Материал авторы